Күшейтсе де, пысқырмайтындар көп
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло -өңірдегі COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына қатысты тұрғындарға үндеу жариялады.
«Өңірімізде соңғы күндері COVID-19 инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Инфекция жұқтыру күн сайын 50-ден 100-ге жетуде. Барлық науқастарды есептегенде, індет жұқтырғандар саны 518 адамды (оған 23 маусымда тіркелген тағы 33 науқасты қосқанда – редакция) құрады. Апта сайынғы зерттеу-талдау жүргізу кезінде анықталғандай, 8-14 маусымда – 56 (26,5%), 15-21 маусымда – 251 науқас тіркеліп, өсім 94%-ті құрап отыр. Індеттің негізгі ошақтары – Қостанай (97 адам) және Рудный (24 адам) қалалары. Сондай-ақ бұрын тіркелмеген оңтүстік аудандарда да науқастар анықтала бастады», – делінген үндеуде.
Қазіргі таңда зертханалар және науқастарды емдеп жүрген дәрігерлер қосымша жүктемемен жұмысқа кіріскен. Медицина қызметкерлерінің шамадан тыс жұмыс істеуі олардың денсаулығына да айтарлықтай салмақ болуда. Оның сыртында емдеу мекемелерінде орындардың жетіспеушілігі сезіліп жатыр, сол себепті, резервтегі төсек-орындарды қосу жұмыстары жүргізілуде екен. В.Нечитайло мұндай жағдайға жұртшылықтың да, шағын кәсіп субъектілерінің де шектеу шараларын жаппай орындауы себеп болып отырғанын жеткізді.
«Тыйым салынғанына қарамастан, кафелер мен ресторандарда банкеттер, үйлену тойлары, мерекелік кештердің өтуі толастамақ емес. Қостанай қаласындағы 2 балабақшадан COVID-19 тіркелді. Мониторингтік топтар талап бұзудың 288 жағдайын әшкереледі. Олардың ішінде талапты өрескел бұзған 78 дерек бойынша кінәлілерге айыппұлдар салынды. 13 нысан өз еркімен қызметін тоқтатты. Қалғандарына ескерту түріндегі жазалар қолданылды», – деді аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.