Шолақсайда қос қуаныш

сайтк1111

Он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған мектеп бітіруші түлектер – облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Олардың болашағынан ел-жұрты үлкен үміт күтеді. Ал Науырзым ауданының Шолақсай ауылынан осымен үшінші жыл қатарынан «Алтын белгі» иегерлері шығып отыр. Биылғы оқу жылын үздік тәмамдаған 2 түлек Жанель Мырзағұлова мен Айкүміс Дарбаева «Алтын белгіден» үміткер. Енді олар алдағы ҰБТ сынағында өз білімдерін дәлелдейтін болады.

Қатарынан оқ бойы озған Жанель мен Айкүміс облыс әкімінің грамотасымен марапатталып отыр. Ал түлектерді «Жолақсай-1» серіктестігінің құрылтайшысы Өмірзақ Ихтиляпов арнайы құттықтап, әрқайсысына 30 мың теңгеден көрімдік берді. Ел ағасы келешегінен үлкен үміт күттірген өрендердің кеуделеріне төсбелгі тақты. Ауыл ақсақалы «Сендер ақыл мен білімнің арқасында абыройлы азамат атанып, Отанымыздың туын көкке көтеріп, биіктен көрінеді деп үміт артамыз. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Жақсы оқыңдар, Шолақсайдың атын шығара беріңдер! Ақ жол тілейміз!» деп ақ батасын берді. 

Шалғайдағы шағын мектептен екі бірдей оқушының озат шығуы өте сирек кездесетін жайт. Олар да бізбен қуаныштарын бөлісіп жатыр.

-24 маусым күні ұлттық бірыңғай тест тапсырамын. Таңдау ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихы пәніне түсіп тұр. Сынақты сәтті тапсырып, жоғары оқу орнына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығына түсіп, болашақта үлгі тұтар ұстаз болу менің бала күнгі арманым. Сол арманыма қол жеткізуге бар күшімді саламын, – дейді Айкүміс Дарбаева.

-Биылғы оқу жылын үздік бітіре отырып, ҰБТ-да биология, география пәндерін таңдап отырмын. Емтиханға бар күш-жігерімді салып дайындалудамын. Жоғары балл жинаймын және жоғары оқу орнына грант жеңіп аламын деп үміттеніп отырмын. Ұстаздарымның және ата-анамның бізге артқан сенімін ақтаймын деген сенімдемін. 2020 жылғы бітірген түлектердің барлығына сәттілік тілеймін. Ойлаған армандарына жете беріңдер, тек ғана, алға демекпін! – деп Жанель Мырзағұлова өзге де қатарластарына сәттілік тілейді.

Дана халқымыз «Әдепті баланы өсірсең – ауылдың абыройы, ақылды бала өсірсең – алты Алаштың абыройы» дейді. Қазір алыс-жақын ауылдарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп оқушыларына сапалы білім, өнегелі тәрбие беру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Осы заманғы озық технологиялармен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

 

Шолақсай ауылы,

Науырзым ауданы.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓