Пұшайманға – үш айдан
Қостанай облысында 53 мыңнан астам адам несиелерін кейінге шегерткен. Ал 6 мың адамның мұндай өтініші қанағаттандырылмаған, өйткені олар елдегі төтенше жағдай кезінде қаржылық жағдайының нашарлап кеткенін дәлелдей алмаған. Төлемді үш айға шегертуге болады, сондай-ақ 15 маусымға дейін мүдделі тұрғындарға өтініш беруге әлі мүмкіндік бар.
Мұндай жеңілдіктің жасалатынын ел президенті наурыз айының аяғында жария еткен болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қостанайлық басқармасының мәліметінше, облыс тұрғындарынан 60 мың өтінім қабылданып, олардың 53-і мақұлданған. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы өкілдерінен 10 мың, ШОБ өкілдерінен 420 өтінім қабылданған. Мамандардың айтуынша, төлем жасалмаған үш ай несие шартындағы мерзімге жалғанады. Оны ұзартпай, бірден төлеп тастауға да әркім ерікті.
Жалпы, Қазақстан бойынша 1,8 млн адам несие төлемін шегеру мүмкіндігін иеленіпті. Бұл – заемші жеке тұлғалардың жалпы санының 34%-не тең.