ЖОЛАУШЫҒА ЖАҒДАЙ
Науырзымдықтар жол бойындағы бұлақтың көзін ашып, маңайын ретке келтіруде
Науырзым жерінде бұлақ көп. Бірақ соның көбісінің көзі ашылмай тұр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ғибратты негізге алған аудан мешітінің қызметкерлері ауданға барар жолдың жиегіндегі бұлақтың көзін ашып, жан-жағын қоршауға алып, келген-кеткен жолаушы амалдап отырып, демалып су ішетіндей жағдай жасауда. Бұл игілікті іске «Шолақсай» ЖШС басшысы Өмірзақ Ихтиляпов ағамыз қаржылай көмек беруде.
-Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, ҚМДБ Орталық аппараты қызметкерлерінің ұсынысымен 30 жылдық мерейтой аясында жүзеге асатын 30 игі іс-шараның жоспары бекітілген болатын. Атап айтқанда, ғылыми-танымдық кітап шығарып, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында халықаралық конференциялар өткізу, 30 жылдық мерейтой кезінде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елдімекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу, 30 түп тал отырғызу, 30 бұлақтың көзін ашу сияқты сауапты да салауатты шаралар күн тәртібіне енгізілді. Осыған орай жыл басынан бері талай істер атқарылды. Енді біздер жолаушы су ішіп демалуға қолайлы деп жол бойындағы бұлақтың көзін ашып жатырмыз. Тоғыз жолдың торабында жатқан соң осы бұлақты таңдап алдық. Бұл бұлақ бұрын қараусыз жатқан еді. Осы аудан орталғының өзінде 5-6 бұлақ бар. Соның ішінде «Таза бұлақ» бағдарламасы бойынша тазартылып, маңайы дұрысталғаны да, күтім көрмей жатқаны да бар. Егер бұлақ күтім көрмесе көзі жабылып, жоғалады. Күтім көрмей жатқандарын кезек кезегімен тазалап, алдағы уақыттарда қолға ала жатармыз, – дейді Науырзым ауданы мешітінің Бас имамы Есет Ғабдімәлікұлы.
Жалпы аудан мешітінің ахуалы жылдан-жалға жақсарып келеді. Алдыңғы жылы мешіт түгелімен күрделі жөндеуден өтіп, жаңа қазандық, дәретхана, мәйітхана салынды. Ендігі жоспар мешіттің төбесін дүрыстап алу. Асхана салу да кезекті іс.
-Ауыл адамдарының ізгілікті істерінің арқасында, туған жерге деген жанашырлықтан қаншама іс тындырылып жатыр. Мешіттің түгелімен жөндеу көруі туған жерге көмек беріп жатқан кісілердің еңбегі екенін айта кеткен жөн болар. Оның ішінде жергілікті кәсіпкерлердің көмектері көп. Биылғы қыста мешіт төбесінен су кетіп, енді оған аудан әкімі Талғат Карбозов ағамыздың басшылығымен қаражат бөлініп, жөнделмекші. Мешіт жанынан ыңғайлы асхана салу да жоспарда тұр. Ол да халыққа қажет. Оған да Науырзым ауданының басшылығы, осы елдің тумасы Әмірхан Асанов ағамыз, өзге де ел жанашырлары, кәсіпкерлер, халық қолдан келгенше көмек беріп, оның да құрылыс жұмыстары басталғалы тұр, – деп биылғы жылдың жоспарымен бөлісті мешіт имамы.
Қазір «Қарамеңді-Қостанай» тас жолы бойындағы бұлақ басында қызу жұмыс жүріп жатыр. Жан-жағы қоршалып, отыратын орындықтар дайын болған соң игілікті істің салтанатты ашылуы болады.
Науырзым ауданы.