БАСТЫ НАЗАРДА – БАСПАНА ҚҰРЫЛЫСЫ
Тұрғын үй құрылысы – Қостанай облысында жүйелі шешімін таба бастаған мәселелердің бірі. Алысты шолмай-ақ, өткен жылға назар салсақ, құрылыс жөнінен де, өңір тұрғындарын пәтермен қамту тұрғысынан да республикалық тізімнің бас жағынан орын тептік. Алға қойылған жоспарлар да ауқымды. Бұл – жетістіктің жылдан-жылға жаңара түсерінен үміт зор деген сөз.
Кешегіге көз жүгірсек…
Қостанай қаласындағы "Юбилейный", "Әуежай" және "Береке" шағын аудандарында құрылыс қарқынды. Ерекше екпін салынғалы отырған Қонай шағын ауданының да келешегі жарқын болмақ. Сондай-ақ, өңір картасында пайда болған Тобыл қаласын дамыту жоспары дайын. Заречный ауданындағы "Северный" шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысы да қабаттас жүріп жатыр. Жалпы, 2019 жылы тұтас құны 85 млрд теңге болатын 335,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша, алдыңғы жылмен салыстырғандағы өсім 10%-ке жеткен. Тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге инвестиция салыныпты.
Облыс орталығындағы "Юбилейный" шағын ауданында, Арқалық және Рудный қалаларында, сондай-ақ Амангелді ауданында барлығы 5 жалға берілетін тұрғын үй өз иелерін тапты. Мұның сыртында, былтыр Қостанайда нақ осындай мақсаттағы 4 бірдей тұрғын үйдің құрылысы басталған. Өткен жылы "Әуежай" және "Юбилейный" шағын аудандарында кредиттік 16 үй пайдалануға беріліп, ұзын саны 1 286 пәтер кілттерінің тапсырылғанын да айта кету керек. 3 жыл ішіндегі көрсеткішті қоса есептесек, 20,7 млрд теңгеге 43 несиелік тұрғын үй салынған. Осы нәтижемен облысымыз көшбасшылардың үздік үштігіне кірді. Ал Заречный кентіндегі "Северный" шағын ауданында 37 гектар аумаққа бірыңғай сәулеттік стильде 279 жеке тұрғын үй тұрғызылған.
Баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі де шешімін таба бастады. 2019 жылдың өзінде 422 пәтер кілті үлестірілген. Жіктей айтқанда, көп балалы 279 отбасы, 53 жетім бала, тұрмысы төмен 100 тұрғын және бюджет қызметкерлері мен ҰОС ардагері жаңа қонысын тойлады.
Әрине, облыста осы бағыттағы арнайы бағдарламалар да нәтижелі жүзеге асып жатыр. Айталық, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 612 жас отбасы оңаша отауларына шығуға мүмкіндік алды. Олардың 101-і – көп балалы отбасы, 60-і – педагог және 146-сы – дәрігер. Соңғы 4 жылдағы мәліметтерге жүгінсек, осы бағдарлама аясында облыста 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Тұрғын үй құрылысына 100 млрд теңге инвестиция тартылыпты. 10 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартқан. Олардың дені – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Филиал директоры Дәурен Саудабаев банктің әрбір жетінші салымшысы несие рәсімдеп, баспанаға ие болғанын айтады. Оның сөзінше, бүгінде банктің облыстағы филиалында 65 мыңнан астам тұрғынның пәтер сатып алуға қаражаты бар. Аталған банк "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысушы азаматтардың да есеп-қисабын жария етті. Былтыр жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 208 өтініш қаралып, оның 206-сы мақұлданған. Дәл осы жобаны қостанайлық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің белсенді қолдағанын да айта кеткен абзал. Нақтысында, өңірдің жомарт азаматтары 18 мұқтаж отбасының үйін жөндеп берді.
Айтпақшы, облыс әкімдігі былтыр шілде айында ел бойынша бірінші болып «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-мен Қостанай облысының 350 медицина қызметкері үшін 3 жыл бойы жалға берілетін тұрғын үйді сату туралы келісім жасасқан еді. Осы жылы Қостанай қаласында аталмыш акционерлік қоғам арқылы сала қызметкерлеріне 54 пәтер ұсыну тұрғысында жұмыс жүргізіп жатыр. Жалпы, өңірдегі барлық қала және аудан әкімдіктері қызметке келген 146 маманды тұрғын үймен қамтамасыз еткен.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларды сәтті іске асырғандар қатарынан Арқалық қаласын ерекше атай өткен дұрыс. Бұл қалада былтыр 112 пәтерлік тұрғын үй қайта жаңғыртылып, халық игілігіне ұсынылды.
Бүгінді бажайласақ…
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлім еткен жоспарға жүгінсек, осы жылы да қоныс тойы көп болмақ. Биыл 3 мыңнан артық отбасы жаңа пәтердің кілтін иеленеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларындағы қорытындысы бойынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6 578 млн теңгеге шақ келді. Осы кезеңде құрылысқа жұмсалған инвестициялар көлемі 6 948 млн теңгеге жеткен. Ал 1 наурыздағы мағлұмат пайдалануға 841 пәтер қабылданғанын көрсетеді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен таразылай айтқанда, 242 пәтерге артық. Пайдалануға даяр күйінде тапсырылған баспаналардың 84-і – жалдамалы пәтер, 234-і – ЖАО облигациялар арқылы ТҚЖБ желісі бойынша берілетін кредиттік пәтер. Ал коммерциялық тұрғын үйлер саны – 378 және 145-і – жеке тұрғын үй.
Биыл 4 елді мекенде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Нақтылап айтқанда, Қостанай қаласының "Юбилейный" шағын ауданында 468 пәтерлі 4 тұрғын үйдің және Рудный қаласында 50 пәтерлі, Лисаков қаласында 60 пәтерлі, Федоров ауданында 24 пәтерлі бір-бір үй халық тұтынысына берілмек. Мұның сыртында, облыс орталығында тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы иесін табатын баспаналар құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Естеріңізде болса, қаңтар айында "Юбилейный" шағын ауданында 243 пәтерлі 2 үйдің кілттері заңды қожайындарына тапсырылған еді. Дәл осы ауданда жыл соңына дейін тағы да 120 пәтерлі 2 үй қоныстануға беріледі. Оның сыртында, "Әуежай" шағын ауданында осы секілді ұзын-ырғасы 324 пәтерге жететін төрт бірдей баспанада қоныс тойы тойланбақ.
Ертеңге иек артсақ…
Мамандар облыста алдағы жылдары да көп пәтерлі үйлер құрылысының ұлғая беретініне сендіріп отыр. Мәселен, 2021 жылы 384,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Ал 2022 жылы 3 590 пәтер пайдалануға берілмек. Жеке тұрғын үй салу құрылысының қарқыны да төмендемейді. 2020 жылы – 116,4 мың, 2021 жылы – 109,4 2022 жылы 111,0 мың шаршы метр аумаққа баспана салынады.
Мұнымен қоса, Қонай шағын ауданында баспана құрылысы айрықша қарқын алмақ. Бұл елді мекенде 5 қабатты 30 үйдің құрамдастырылған құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның сыртында, Қонай төңірегінде жеке тұрғын үй салуға 2 мың шаршы метрден астам жер учаскесі беріледі.
Ал Қостанай ауданындағы Тобыл қаласы мен Мичурин кентінде «Бәйтерек» және «Астана» деп аталатын жаңа шағын аудандар пайда болады. Жоспар бойынша, құрылыс биылдан басталып, екі жылға ұласуы тиіс. Бұл аумақтарда 5 мың пәтерлі 45 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қостанай ауданында жалдамалы баспана алу кезегінде 2 мыңға жуық адам тұр. Бұл тізімді "Бәйтерек" пен "Астанада" бой көтеретін баспанамен қысқарту жорамалданып отыр. Жаңа үйлердің барлығы бірдей 9 қабатты болмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, 2023 жылы Тобыл қаласында «Нұр Әлем» аталатын жаңа ықшам ауданның құрылысы басталады. Онда 5 қабатты 24 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оған аудан әкімдігі қосымша 550 жер учаскесін бөлмек.
Жандос Жүсіпбек