Өзің жаса!
Рудный қаласында көліктерге техникалық қызмет көрсететін ерекше станция ашылды. Ерекшелігі сол, бұл жерге келушілер өз темір тұлпарын өзі қарап, өзі жөндейді. Ол үшін қажетті жағдайдың барлығы бар. Қалалық ерікті мүгедектер қоғамының «Өзің жаса!» атты бірегей жобасын жүзеге асыру «Sumruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Әрекет» грантының арқасында мүмкін болып отыр. Естеріңізде болса, осыдан екі жарым жыл бұрын қоғамдық ұйым осыған ұқсас жобаны қолға алған болатын. Уақыт өте келе, қызмет түріне сұраныс артып, оны кеңейту және қосымщша құрал-жабдықтарды сатып алу қажеттілігі туындады. Енді, мүгедектер қоғамының 30 жылдық мерейтойы тұсында бұл күтпеген үлкен тосын сый болды.
– Станса бір мезгілде алты көлікті қабылдай алады. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды қосымша табыс көзімен қамтуға бағытталған. Олардың міндеті – жөндеуге келген көліктерді тіркеп, жүргізушілеріне қажетті жабдықтарды табыстау. Қызмет құны сағатына 500-ақ теңгені құрайды, – дейді ұйым төрағасы Санаш Есжанов.
3 миллион теңгелік грантқа автокөтергіш, жартылай автоматты шинажөндеу станогы, баланстау стенді, от алдыру білтесін тексеруге арналған құрылғы, жалпы алғанда, жабдықтың 17 түрі сатып алынды. Бүгінде олардың барлығы орнатылып, жұмысқа дайын.
Қуанышты оқиғаның ашылу салтанатына Қордың өкілдері де қатысты.
– «Әрекет» жобасы пилотты түрде қолға алынған болатын. Алайда коммерциялық емес ұйымдардың атқарған істерін саралай келе оны одан әрі кеңейту туралы шешім қабылдадық. Рудныйлық бірлестіктің алға қойған мақсаты ғана емес, ұсынылған жобаның қайда орналасатындығы, нақты қандай пайда әкелетіндігі туралы түсінігі басқа үміткерлерден жоғары болды. Енді, осы әлеуметтік бизнес тек жақсы табыс әкелсін! – деді «Samruk-Kazyna Trust» өкілі Әсем Исабекова.
Бүгінде жаңартылған қызмет көрсету стансасы 8 адамды жұмыспен қамтымақ. Енді қоғамның алға қойған мақсаты – қарамағындағы жиһаз цехын кеңейтіп, кеншілер қаласындағы бір әлеуметтік мәселенің шешілуіне атсалысу.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ