«Алтын микрофон – 2019»: іріктеу кезеңі аяқталды
«Алтын микрофон – 2019″ халықаралық байқауының іріктеу кезеңі аяқталды. Балғын өнерпаздардың дарынын шыңдап, кішкентай жұлдызды танытуға септігін тигізетін вокалдық байқаудың ауқымы кеңейіп, өткізілу деңгейі жоғарылап келеді. Қатысушылардың саны жыл сайын арта түсуде. Өнер байқауына қатысуға биыл облысымыздағы барлық өңірден 5-21 жас аралығындағы 140-тан аса өтініш келіп түскен. Үміткерлердің үздігін саралау кезеңі төрт күнге созылды.
-Байқау нәтижесінде халықаралық вокалшы балалар байқауында Қостанай облысының намысын қорғайтын 20 үздік әншіні таңдадық. Қатысуға өтінімдер Ресейден, Беларусиядан, Болгариядан келіп түсті. Сондай-ақ, біз Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз қалаларынан келген қонақтарды күтеміз, – деді облыстық халық шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Гүлфира Серікбаева.
Байқауға қатысушылар қазылар алқасының алдында екі әннен орындады. Байқаудың келесі кезеңі 19-21 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков