Құстөбе қаһарманы

Биыл жаһан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толды. Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Жеңісті жақындату үшін қанын төккен бабалардың бірі – Ыбырай Жұмабайұлы. Ұзын Қыпшақтың ішіндегі Сары атасына жататын Ыбырай Жұмабайұлы 1908 жылы Амангелді ауданы Құстөбе қонысында дүниеге келген.
WhatsApp Image 2020-05-08 at 11.25.24
Әкесі Жұмабай Сегізбайұлы,ауыл арасында болатын ойын-тойларда палуан күресіне қатысып,домбырамен өлең айтатын,бертін келе шебер тігіншілігімен аты шыққан шаруа адам болатын. Анасы Үмбүгілше Әжімқызы артық еті жоқ ,сұңғақ бойлы ақсары,киімді де талғап киетін  келбетті адам еді. Жас кезінде әнші болған. Жасы ұлғайған шағында да әннің ұмытылыңқыраған жері болса, жанынан сөз қосып, нәшіне келтіріп айтатын. Көзінің түсіне қарап ауылдағы ағайын-туыстың балалары «Көккөз әже» дейтін.
Осындай отбасында дүниеге келген Ыбырай жасынан ән-күйге әуес болды. Бозбала шағында  ат құлағында ойнайтын шабандоз, қатарларының арасында алып та, шалып та жығатын палуандығымен ерекшеленсе, ауыл-аймақта суырып салма ақындығымен аты шықты.
«Жасынан ел басқаруға араласты. Ауылдық (Қабырға) Кеңес атқару комитетінің хатшысы,төрағасы қызметтерін атқарған. Ыбырай ағамыз жаурыны жерге тимеген палуан болған.Қостанай облыстық архивінде 1939 жылы Амангелді ауданының орталығында өткізілген облыстық спартакиада ойындарында Ыбырай Жұмабаев қазақша күрестен үшінші орын алғандығы туралы дерек сақталған»,- деп жазады Орынбасар Тұрашев өзінің  «Бәйтерек бұтақтары» атты шежіре кітабында.
Иықты келген, жаурыны қақпақтай, суырыпсалма ақындығы бар, сөзге шешен қара торы жігітті аудан басшылары да үнемі назарда ұстап,басшылық қызметке тәрбиелейді.
1932 жылғы.аштықтан кейін астық шығып, ел есін жиғаннан кейін ата-анасының ризашылығы мен өзі ұнатқан Еркежан атты көрші ауылдың  қызына үйленеді. Алғашқы балалары жастай қайтыс болады. 1936 жылы Еркежан шешеміз ұл туады.
WhatsApp Image 2020-05-08 at 11.25.25
Оған қойылған есімнің де өзіндік тарихы бар. Үмбүгілше әжеміздің айтуынша, інісі Әжімұлы Жұмақанның келіншегі Бибімәрияның да балалары тұрыңқырамай жүреді. Екі келіншектің аяғы ауырлап,нәресте күтіп жүргенде 1936 жылдың жазында Қостанай жағынан Башарин Роман деген татар азаматы іс сапармен келіп,айға жуық ауылда болғанда Жұмақанның үйінде жатады.
WhatsApp Image 2020-05-08 at 11.25.25 (1)
Айы,күні толғанда екі келіншек аралары көп ұзамай босанып , екі отбасы қуанышқа бөленеді.Шілдеханаға жиналған ағайын туыстың қатысуымен балаларға ат тергегенде әлгі азаматтың білімділігі,сыпайы мінез-құлқының ұнағандығы сондай,Ыбырай атамыз баласының атын Раман, Жүкең ақсақал Башарин деп қояды. Бұл бір жағынан қазақтың ырымына да қатысты болуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. 1937-1939 жылдары бас көтерер ел азаматтарының басына түскен нәубет Ыбырай атамызды да айналып өтпейді.1938 жылы ел ағасы болған Молдаш атамыз бастаған туыстары Мырзахмет,Ордабай, Махмүт, Досмағанбеттермен бірге Ыбырай атамызды да жапонның тыңшысы,Кеңес өкіметіне қарсы элемент ретінде халық жауы  деген айып тағып ұстап әкетеді. Саяси қуғынның алғашқы легіне іліккен Молдаш, Мырзахмет аталарымыз сол кеткеннен қайтып келмейді. Респрессияның қарқыны баяулаңқыраған 1938 жылы ұсталған, Ордабай,Досмағанбет,Ыбырай  жоғары жаққа ізденулерінің нәтижесінде 1939 жылы,Махмут 1940 жылы аман елге оралады.
Айдаудан келген соң 1940 жылы Қаншайым атты қыз бала дүниеге келіп,отбасы толыға түседі.
WhatsApp Image 2020-05-08 at 11.25.24 (1)
Балалы болып,ағайын-туыстың ортасында  қызмет атқарып жүргенде соғыс басталады.1943 жылы 14 мамырда Амангелді аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Ыбырай атамыз майданға аттанады.
«Күн жаз ғой. Балаларды ата-енеме тастап, Ыбырайды жанындағы жолдастарымен Қостанайға дейін шығарып салдым..Көлігіміз ат арба. Барғанша екі апта уақыт өтті. Отырған жерде қолына домбырасын алып,күй шертіп,ән айтатын.Арасында артында қалып бара жатқан туған жерге,ата-анасына,туыстарға,қатар-құрбыларына арнап жанынан шығарып жыр,толғаулар арнайтын еді.Соның кейбір есімде қалғандарын елге келгесін ата-енеме, туыстарға айтып берген едім. Сол күндер менің  отағасымды соңғы көрген күндерім екенін,мен бейбақ қайдан білейін», –  дейді екен соғыс ардагерінің жары Еркежан әжеміз.
Артында әке-шешесі,бой жеткен қарындастары Қамбатша,Бибатша, мектеп жасындағы  інісі  Сабыржан,ұлы Роман,қызы Қаншайым қалады.
WhatsApp Image 2020-05-08 at 11.25.25 (2)
Бір жыл жеті ай өткенде полк командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарынан «Жумабаев Ибрай после боя 12 декабря 1944 года пропал без вести», деген хат келеді.
Содан бері жасаған ізденістері нәтиже бермеуде. Үлкен ұлының сүйегінің қай майдан даласында қалғанын білмей, қашан дүниеден өткенше шерменде әкесі Жұмабай 1946 жылы, анасы Үмбүгілше 1968 жылы,жұбайы Еркежан 1964 жылы дүниеден өтті.
Майданда жүрген Ыбырай ата үйіне хатты көбіне өлеңмен жазған екен. Елмен,ағайын-туыспен қоштасып,майданға кетіп бара жатқан жолда,кейін ұрыс арасындағы тыншу сәттерде ата-анасын,жары мен балаларын сағынып шығарған толғау өлеңдері үшбұрышты майдангер хаттарында көп болған екен.Солардың ішінен 1944 жылы күзге қарай жіберген бір хатындағы жыр жолдарында.
Жанып та көрші,Ыбырай,
Көңілге ерсе тіліңіз.
Назым болып бұл қалсын,
Қисынды болса мұңымыз,
Көжедей дәмі болмаса,
Жазбай ақ өлең тұрыңыз.
Әйгіленсін әлемге,
Мәлім болсын жырымыз.
Сандыққа салып сақтайтын,
Бұйым емес бұныңыз.
Олай болса қызыл тіл
Ақтарылсын сырыңыз,
Қабырға,Торғай жағасы,
Жағалай біткен ағашы.
Түрлі шөпке жайқалған,
Екі өзеннің саласы.
Халыққа қиын шер салды,
Жауыз герман таласы.
Ерге уайым сол екен,
Бала менен қатын ай.
Ананың жөні бір бөлек.
Таңдап алған әркімнің
Жұбайы қалды артында,- деп қиын-қыстау ортада қалған анасы мен әйелін,балаларын еске алады.
Ұстауын таппай қор қылса,
Мыс болады алтын да.
Сорлы болған,бишара,
Төсекте жатса сыры көп.
Басында қайғы-мұңы көп.
Еркелеп,наз қып сөйлейтін
Бұлбұлдың асыл гүлі көп.
Жатсаң бірге қыздырып,
Жардың оты жылы боп.
Жігіттен тәуір айрылса,
Таранған кербез қыз мұңлық.
Теңін таппай кездессе,
Бірінші арман бұл мұңдық.
Елден,жерден айрылған
Бақытсыз жас біз мұңдық.
Баласын аман көрмесе,
Ата-анадан кім мұңдық.
Екі бала қызығын,
Көремін деп тілеген.
Сөйтіп алған келіннің
Жатқаны жалғыз не сұмдық.
Толғаудың соңына қарай артында қалған інісіне аманатын айтады,елмен қоштасқандай сыңай білдіреді.
Бұд уақытта баста көп,
Таудай үлкен мұңымыз.
Сабындаса ашылмас
Көңілдегі кіріміз.
Пышағы ғайып жоғалған,
Жыртылып тұр қынымыз.
Естіген жұрт халайық,
Фатиха дұға қылайық.
Оқысын деп мен жаздым,
Олай-бұлай жол жүрсек,
Артта қалған ініміз,
Қарындасы Қамбатшаның айтуынша осы жыр жолдары майдан даласынан келген соңғы хаты болса керек.
Содан бері міне бір адамның ғұмырындай уақыт өтті.Советтер Одағы деп аталатын алып империя тарих бетінен кетіп,қазақ елі Тәуелсіздік туын тікті. Кейінгі ұрпақ Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуде.
«Орнында бар оңалар» деген мақалдың мәнін осындайда ұққандай боласың.Ыбырай атамыздың артында қалған жалғыз ұлы Раман мен жеңгеміз Жамкеннен туған баллардан тараған ұрпақтың өзі  бүгінде бір қауым ел болды.Ыбырай атамыздың немерелері ата, әже болса,шөберелерден туған шөпшектердің өзі  мәуелі бәйтеректің бұтағындай болып жайқалып жапырақ жаюда.
Жылда келетін Жеңіс мерекесі, ислами мейрамдарымыз – айт күндері дастархан жайып,дұғаларын бағыштап келер ұрпаққа өмір жолын жайған аталары мен әжелерін, бақилық болған бауырларын еске алып отырады.
Адам ұрпағымен жасайды. Ұрпақ жалғастығы барында өткен аталарымыздың есімдері мәңгі ұмытылмайды!
Бақытбек Байтеміров
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓