6 мамыр күні Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заңның 5-бабы «Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» деп белгіленген. Онда «Мыналар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылады: 6) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері» , – делінген.
Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында тәжік-ауған шекарасындағы мемлекетаралық келісім-шарт бойынша әскери міндетін өтегендердің бірі, жаңа Заң аясында «Ардагер» мәртебесін алған – жерлесіміз Біржан Жүзбай.
Бүгінде Алтынсарин ауданының мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан жігіт ағасы 1994 жылы Жанкелдин аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, Алматыдағы 61993 әскери бөлімі мотоатқыштар полкының минаметтық батареясына барған екен. Онда бір жылдан астам әскери борышын өтеп жатқан тұста Тәжікстанға бітімгерлік ротасын жасақтау жүргізіліп жатады. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жинақталған ротаның бірі.
– Бізді бұрынғы Талдықорған облысының Сарыөзек қаласына апарды. Онда Талдықорған, Панфилов, Сарыөзектің өзінен, Алматыдан жинақталған тоқсан адамдық рота құрылды. Бір жетіден кейін қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік жасақтаған әскери басшылық бізді Көктал полигонына апарды. Үш айға жуық соғыстың ұрыс-тәсілдерінен дайындықтан өттік. Үш айдан кейін Талдықорғандағы әуежайдан барлық керек-жарақтарымыз тиелген ұшақпен Душанбеге жеттік. Келесі күні үлкен әскери тікұшақпен Таулы Бадахшам автономиялық округіне апарды. Одан әрі «Крокодил» деген шағын дөңес тікұшақтармен біздің рота орналасатын Тәжікстанның Калайкума ауданының Джабай шатқалы нүктесіне алып келді. Бұл 1995 жылдың 27 қыркүйегі болатын. Бұл аумақ Памир тауының ортасын кесіп өтетін Пяндж өзенінің бергі беті Тәжікстан, ар жағы Ауғанстан. Біздің міндетіміз – шекарадан ешкімді заңсыз өткізбей қорғау, – деді Біржан Жүзбай.
Негізі шарт бойынша бұл рота үш айға барған екен. Бірақ үш айдан кейін қыс болып кетеді де, таудағы асулар жабылып, біздің әскерилер алты ай жатып қалады. Ол жақтың қысы біздікі секілді қарлы емес, жаңбыр жауып, бұлттанып тұрады екен. Жауынгерлер тек 1996 жылы 20 наурызда қайтадан Қазақстанға оралыпты. Сол жарты жылдың ішінде шекарада бір-ақ рет атыс болыпты – шекараны қайықпен бұзып өтіп келе жатқан моджахедтерді қолға түсіру операциясы.
Айта кетейік, 1995 жылдың 7 сәуірінде Тәжікстанның Пшихавр шатқалында содырлар Қазақстан Ішкі әскерінің құрама ротасына шабуылдап, жаудың күші басым болған ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33 жауынгер жараланды. Біздің кейіпкеріміз болған рота содан үш апта бұрын ғана елге оралып жатты. Қалай дегенмен, «періштесі қақты» деп осындайда айтылса керек.
– Кешегі Президент қол қойған Заңға сәйкес бізге «Ардагер» мәртебесін бергеніне барлық тәжік-ауған шекарасында болған азаматтар қуанып жатырмыз. Негізі бұған дейін ауған соғысының ардагерлері тәжік-ауған шекарасында әскери қызметін атқарғандардың "Ардагер" мәртебесін алуына қарсы болды. Бірақ біздің ардагер мәртебесін алуымызға тәжік-ауған ұрысына қатысушылар бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджановтың еңбегі зор. Ал Қостанайда Асхат, Жұмахан деген жігіттер бар, қазір олар көп шаруаның басында жүр. Енді міне, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер зор көмек болғалы тұр, – дейді ардагер.
Қостанай облысындағы тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген азаматтар екі жылдан бері мессенджерде жеке топ ашып алыпты. Жігіттер өте ұйымшыл. Қайырымдылық шараларын ұйымдастырады, спорттық ойын-сайыстарға белсене демеушілік көрсетуде, 6697 әскери бөлімінде патриоттық кездесулер өткізіп келеді, еске алу шараларын ұйымдастырады. Енді мәртебе алғаннан кейін одан әрі қанатын жайып, келер ұрпаққа мәні зор шараларымыз көрініс таба береді деген сенімде.
Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерге төмендегідей әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылып отыр:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғынжаймен қамтамасыз етуі;
4) жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн біржолғы бiрiншi кезекте алу;
5) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;
7) ардагерлер жұмыс iстеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлiкке шыққан кезде де пайдалану құқығы;
8) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
9) білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде балдары тең болған жағдайда артықшылықты құқық;
10) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде қабылдау квотасы көзделеді;
11) барлық байланыс қызметiн кезектен тыс пайдалану құқығы;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңiлдiктi салық салу.