7 КӨЛІК ТІРКЕУГЕ АЛЫНДЫ
2020 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің №306 қаулысына сәйкес Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу басталды. Заң күшіне мінген күні ХҚКО жүгінген 7 қостанайлық армениялық тіркеудегі көліктерін заңдастырды. Полиция департаментінің хабарлауынша, Қостанай облысында армениялық тіркеудегі 750 автокөлік бар. Заң талаптарына сай, оның 2020 жылдың 1 ақпанына дейін елге енгізілгендері ғана қазақстандық тіркелуге алынуы тиіс. Полицейлердің айтуынша, көлікті рәсімдеу үшін бар болғаны 11 946 теңге қажет.
– Қостанай облысының тұрғындарына сары түстегі "10" сериясымен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері беріледі, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нығмет Ысмағұлов. – Көлік құралдарын тіркеу үшін жеке басын куәландыру құжаты; Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 615-бабына сәйкес айлық есептік көрсеткіштің 0,25 пайызы мөлшерінде мемлекеттік тіркеу үшін алым және мемлекеттік баж төлеу туралы құжаттары, Армения Республикасының уәкілетті органында берілген көлік құралдарының құжаттары қажет етіледі.
Тіркеу Карбышев көшесі 12/10 бойынша мамандандырылған ХҚКО-да жүзеге асырылады. Мамандардың есебінше, көлік рәсімдеу уақыты 15 минуттан аспайды. Тіркеу мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Армениядан сатып алынған және өңір аумағына әкелінген автомобильдерді уақытша тіркеудің барлық мәселелері бойынша азаматтар Call-орталыққа 8-708-475-38-29, 8-7142-75-38-29 телефон нөмірлері бойынша жүгіне алады.