КамАЗ-дар соқтығысы. Адам шығыны бар
Қостанай облысында екі жүк көлігі соқтығысып, бірнеше адам жарақат алды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 18:00 шамасында Әулиекөл ауданының Талапкер ауылы маңында болған.
«37 жастағы «КамАЗ» жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан тағы бір «КамАЗ» көлігіне соқтығысты. Жүк көліктерінің бірі шөп, екіншісі -арпа тиеген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жолаушы қаза болды», – делінген полицияның ақпаратында.
Жүк көліктерінің жүргізушілері ауыр халде ауруханаға түсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі олардың жағдайына қатысты ресми ақпарат беруге уәде етті.