Сот жүйесіндегі тың серпін
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында ҚР-дағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіруде Еуропалық кеңес жобасының аясында біліктілікті арттыру курсы басталды. Жоба жетекшісі Уильям Ирвайн, халықаралық сарапшы Бен Зенгеринг және Том Паттерсон академия ұжымымен кездесіп, екі апталық курстың мақсат-міндеттерін түсіндірді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса назар аудару туралы айтылған. Осы мақсатта шетелдік және халықаралық соттардың үздік тәжірибесін меңгеріп, еліміздегі сот жүйесінде пайдаланатын боламыз. Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында, профессорлық-оқытушылық құрамға арналған оқыту курсын бастап кетті. Курстың мақсаты Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі пробация қызметінің қызметкерлеріне сабақ жүргізуге қажетті мамандарды дайындау. Тыңдаушылар әртүрлі тренинтерге қатысып, кәсіби даярлықтарын жетілдіретін болады.
– Аталған курс ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген бас бостандығынан айырылған адамдарды оңалту, пробация қызметін жетілдіруге байланысты өтіп жатыр. Еуропалық Кеңес жобасының аясында біздің академияда ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі пробация қызметін жетілдіру орталығын құру мәселесі пысықталды. Бас бостандығынан айырылған адамдарды оңалтуға байланысты заңда белгіленген мақсаттарға қолжеткізу үшін, ең алдымен, білікті маман керек. Білікті маманды дайындау халықаралық сарапшылардың көмегімен іске асырылуы тиіс. Оны жүзеге асырушы – оқытушы. Курс ұйымдастыру арқылы өзімізге қажетті халықаралық тәжірибені алып, қызметкерлеріміздің санасына сіңіреміз,-деді ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы Мирлан Қызылов.
Курсты өткізу үшін жобаның жетекшісі Уильям Ирвайн, халықаралық сарапшылар Том Паттерсон мен Бен Зенгеринг Қостанайға арнайы келді. Шетелдік мамандар академия ұжымымен кездесіп, тренингтің мақсат-міндеттерін түсіндірді. Жоба ұйымдастырушылары мұндай тренингтерді әлемнің 23 елінде өткізген. Ал біздің елімізде бас прокуратура қызметкерлері мен жоғары сот судьяларына арнап ұйымдастырылды.
– Қостанай қаласына келгеніме, академияның ұжымымен кездескеніме қуаныштымын. Мұнда бес-алты рет келгенім бар. Курс барысында қызметкерлермен бірге әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Бұл курс академиямен бірлесе жасаған стратегияның бір бөлігі. Тренг соңында сіздер алған білімеріңізді тәжірибе жүзінде қолдана аласыздар,-деді халықаралық сарапшы Том Патерсон. Еуропалық Кеңес жобасы бойынша академияда пробация қызметін жетілдірудің біріккен орталығын құру жоспарланған.
Қымбат ДОСЖАНОВА