Күреске дайынбыз ба?!
Сыбайлас жемқорлық кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканы, инвестицияларды тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі де осы – сыбайлас жемқорлықпен күрес.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұловтың айтуынша, жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті деген түсінік қалыптасқан. Осылайша, әр адамның құқықтық мәдениеті күллі қоғамның құқықтық мәдениетін құрайды.
– Австралия университетінің профессоры Фелпс қызықты тәжірибе өткізіпті. Бір ай ішінде ол студенттерді топтарға бөліп, арнайы уақыт ішінде басқару саласына қатысты тапсырмалар береді. Үздік команда ақшалай сыйлық алуы керек болған. Алайда, студенттер топ арасында профессордың "өз адамдары" барын білмеген. Олар топтардың жұмысына кедергі келтіріп отырған. Бірі топтың басқа өкілдерін келемеждеп, тапсырмадан жаңылдыруға тырысса, екіншісі тапсырманың дұрыс берілмегенін айтып басқа студенттерді ойландырып тастаған. Осылайша, Фелпс тұжырым жасаған: топ ішіндегі бір адамның пікірі басқаларына айтарлықтай әсер етеді. Бір өзі топ жұмысы сапасының 30-40%-ын тежеп отырған.
Шын мәнінде, мұның бәрі жастар арасында болатын нәрсе. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет" деп аталатын тәрбие осындайдан туындайды. Көптеген сарапшылар парақорлық үшін темір торда отырғандардың бәрі кешегі мектеп оқушысы екенін еске алғысы келмейді. Олар сыбайлас жемқорлықтың не екенін қайдан білді? Міне, мәселе осында. Бәрі тәрбиеге байланысты деген түйін шығарамыз, – дейді Д.Смағұлов.
Данияр Смағұлов айтқандай, оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықтың бастауында үлкен проблемалар жатыр. Мәселен, бірінші курсқа келген студент бағаны "сатып алу" туралы қайдан біледі? Егер оған алдыңғы буын немесе басқа тарап айтпаса, ол оқытушыға пара бермеуі мүмкін еді. Рас, әрбір мектеп бітіруші түлек үшін жоғары оқу орнына түсу үлкен жетістік екені белгілі. Әйтсе де үлкен өмір жолына енді ғана қадам басқан жастардың сол университеттің табалдырығын аттай салысымен-ақ, жемқорлықпен бетпе-бет кезігетіні өкінішті. Парақорлық дерті еліміздің барлық жоғары оқу орындарын жайлаған деп айтудан аулақпыз, әрине. Әйтсе де, 1-курсқа қабылданысымен-ақ бір айдан соң, сынақ тапсыратын студент-тер қауымының бірқатары пара беруге мәжбүр екені осы күні ешкімге жасырын емес. Білім ошақтарындағы сыбайлас жем-қорлықтың белең алуына көп жағдайда мұғалімдердің өзі мұрындық болып жатса, кейде оқу үлгерімі нашар студенттердің өзі бірінші болып пара беруге құлық танытатыны бар. Сессия тұрмақ студенттің өзіндік жұмысы, курстық жұмыс сияқты ізденіп дайындауға тиіс жұмыстары да пара беру арқылы шешілетін болғаннан кейін басқасы туралы не айтуға болады?
Айта кетеу керек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс екенін айтты.
"Адамдар әлі де жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылық қатты алаңдаулы. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек", – деген тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Болашақ – жастардың қолында. Олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы, онымен күресті жеделдетуі – агенттіктің басты ұстанымы.
– Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастамасымен өңірдің барлық жоғары оқу орны мен колледждерінде "Саналы ұрпақ" ерікті-патриоттық клубтары мен мейірімділік мектептері ашылды. Онда екі мыңға жуық студент патриоттық және құқықтық тәрбие мәселелерімен айналысады, дебаттық турнирлер өткізеді, "Таза сессия" акцияларын, флешмобтар, бейнероликтер конкурстарын ұйымдастырады, көрнекті қоғам қайраткерлерімен, спортшылармен және мемлекеттік қызметшілермен ашық дәрістерге қатысады, – дейді сарапшы.
"Тгапsрагепsу international" халықаралық рейтинг агенттігінің 2020 жылғы бағалауы бойынша Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр (180-нен астам елден 94-орын).
Әлеуметтік салалардағы сыбайлас жемқорлық – өте зиянды үрдіс, ал білім беру саласындағы парақорлық одан да қауіпті. Арнайы сауалнамалардың нәтижесіне сүйенсек, көптеген студенттердің жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа еті үйреніп кеткен. Кейбірі парақорлыққа қалыпты құбылыс ретінде қарайды. Бұл – алаңдатарлық нәрсе. Сон-дықтан да білім шаңырағын жайлаған жем-қорлықпен күресуді тек қана Агенттік немесе Білім және ғылым министрлігінің міндеті деп қарамай, қоғам болып атсалысу керек.