Қазақтың бар болмысы бейнеленген

Рәміздер туралы сөз еткенде "ұлттық" сөзі ойға орала кетеді. Ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сана… Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақышпен көмкерілген.b704a05f-1bad-46a2-a757-b71a5c7f04a8
Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді.
Қандай ел болмасын өз рәміздерімен, заң-жарлықтарымен мақтанады. Алайда, оның тереңіне бармай, құр мақтану – ұят. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Автордың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсіп, жоғары кеңесте талқыланған. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақ – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Дала адамдары үшін бұл азаттық, тәуелсіздікке, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылудың символы. Оюлар қазақы элементтің бірден-бір көрінісі.
Елтаңба авторы – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де "шаңырағың биік болсын", "шаңырағың шайқалмасын" деген сынды тіркестер қолданылатыны белгілі.  Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың тату-тәтті ғұмыр кешуі де көптің қолынан келе бермейді. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Бұл жерде де еркіндік, егемендікті ерекше айтқысы келген болуы керек. Елтаңбаның жоғарысында тұрған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар. Қазақта "жұлдызың жансын", "жұлдызың жарқырасын" деген тіркестердің де барын білеміз.efbb3ea3-e49c-4a5e-856a-ec87cc0a7fc6
Әнұранның авторын әр қазақ жатқа білуі шарт. Сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Әні – Шәмші Қалдаяқовтікі. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін бұл ән сазы мен сөзі әдемі үйлесіп, күллі қазақтың кеуде кернеп айтатын әнұранына айналды.
Жыл сайын аталып өтетін 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесі ұлттық мерекеге айналуға тиіс деп есептеймін. Себебі, көк аспан түстес желбіреген байрағымыз қазақ халқының бір аспан астындағы бірлігін көрсетіп, қыран бүркіттей елімізді биіктен қалықтатып тұр.Елтаңбамыз бір шаңырық астында қанатты тұлпарлардың қорғанышымен  темірқазық жұлдызы көрсеткен жарқын жолмен келе жатқан ұлттың көрінісі.Бабалардың ғасырлар бойғы арманын «Менің Қазақстаным» деген құдіретті әуен ұлы болашаққа асқақтата көтеріп барады.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Олар мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
 
Марғұлан ОСПАНОВ,
Ы.Алтынсарин мемориалдық
музейінің директоры
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓