Қош бол, қайран қаламгер
Х.Мұсабаев 1953 жылы 7 қазанда Аманкелді ауданының орталығы Аманкелді селосында туған. 1970 жылы орта мектепті аяқтаған соң Аманкелді ауданындағы "Қарасу" совхозында еңбек жолын бастаған. 1979 жылы Қазақ университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
1972 жылдан Аманкелді аудандық газеті редакциясында қызмет істейді. 1972 жылдан 1975 жылға дейін тілші, 1975-1977 жылдары бөлім меңгерушісі, 1977-1981 жылдары жауапты хатшы, 1981-1990 жылдары редактордың орынбасары болып жұмыс атқарған.
1990 жылдан бастап редактор және 2002 жылдан облыстық "Қостанай таңы" газетінің Аманкелді ауданы бойынша меншікті тілшісі. Бipнеше рет ауылдық және аудандык кеңестердің депутаты болды. 1990-1992 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. 1994-2000 жылдар арасында бipiнші шақырылған Торғай және Қостанай облыстары мәслихаттарының алғашқы депутаттарының бipi болып сайланды. 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты атанды. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. Соңғы қызметі Аманкелді аудандық "Амангелді арайы" газетінің бас редакторы әрі облыстық "Қостанай таңы" газетінің Аманкелді ауданы бойынша меншікті тілшісі еді.
Х.Мұсабаев 1983 жылы жас ақын-жазушылар мен өнер иелерінің республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты атанып, 2003 жылы Қостанай облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған. Ал 2006 жылы Қостанай облысы меценаттары клубының "Қазына" сыйлығын жеңіп алды. Сол жылы республикалық "Елім менің" фестивалінің лауреаты атанды.
Ақынның өлеңдері мен поэмалары 1973 жылдан бастап аудандық, облыстық және республикалық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. "Торғай топырағы" (1991), "Ақжол" (1992), "Ахаң-Жахаң ізімен" (1993), "Алашорда арманы" (1995), "Таразы" (2003), "Наркескен" (2006) атты жыр жинақтары жарық көрген.
Ол өңір журналистикасына көп тер төккен ақтангер еді. Жас-тардың үлгілі тәлімгері болды.
Қош, майталман қаламдас, адал дос! Топырағың торқа, иманың жолдас болсын!
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы.
Қостанай облыстық бөлімшелерінің мүшелері.
Бақұл бол, қаламдас дос!
Әріптесіміз, төл журналистиканың талантты перзенті Хамитбек келмес сапарға аттанды. Бойында шығармашылық жалыны мен арыны мол, тарлан тартқан ақтангер, жарқын жүзді Хамитбек көз алдымызда. Қостанай өңірінің сүйікті басылымы "Қостанай таңының" Аманкелді ауданындағы көзі мен құлағы болғанына аттай 17 жыл екен.
Хамитбектің бір өзі тұтас редакция болатын. Ол бүкіл ғұмырын төл журналистикаға сарп етті. Мың-мыңдаған жолжазба – мақалалар, очерктер, эсселер мен толғаулар оқырман жүрегіне жол тапты. Оның жазғандарында жанға жылы тиетін леп бар еді. Хамаң журналистиканың қатепті қара нарындай өңір шежіресін жалықпай, жанкешті жазды. Аманкелді-Торғай өңірінде оның қаламынан мың-мыңдаған ер-азамат, небір абзал адамдар өз алдына, жер-суы, шалқар даласының әр түп жусанына дейін сыр болып ағытылып, жыр болып төгілді.
Өңірімізде Тәуелсіздікке тік тұрып қызмет еткен азаматтардың алдыңғы қатарында Хамитбек болды. Осыдан үш жыл бұрын ол "100 жаңа есім" жобасына ұсынылып, халықтың ыстық ілтипатына бөленді. Осы орайдағы сұхбатында: "Адамға көп нәрсе керегі жоқ қой. Бұл өмірдің ең бір кереметі – қатар жүрген замандастарыңмен тату болып, адал өмір сүрсең, ешкімге зияныңды тигізбесең, өзіңді-өзің жетелеп, өзіңді-өзің іздендіріп жұмыс істесең, қайтседе нәтижесін береді", – деген еді. Хамаң асқақ армандарын, еліне деген махаббатын жұдырықтай жүрегінде өзімен бірге ала кетті.
Жазмыштан озмыш жоқ. Бақұл бол, қаламдас дос!
"Қостанай таңы" газетінің ұжымы мен ардагерлері.
Тектілердің тереңі еді
Түн ішінде мезгілсіз соғылған қоңырау сонау Аманкелдіден қайғылы хабар жеткізді, жанымдай жақсы көретін жалы биік, жаны жайсаң жақсы інім, талантты шәкіртім Хамитбек дүниеден озыпты. Хамитбек бір қазақтың ғана емес, бар қазақтың ортақ перзенті еді. Сағдидің: "Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалған жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы", – деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Үлкен қаладағы үлкен кісілер жанға жайлы жақсы жұмыс ұсынса да туған жеріне ту тігіп, елмен етене араласқан, ес біліп, етек жапқалы Қостанай облысындағы Аманкелді аудандық "Амангелді арайы" газетінің бас редакторы болып істеген, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Өз сөзімен айтқанда:
"Елдің жайын,
Жердің жайын жіті ойлап,
Ұлық сөзін айта білді Ұлтының,
Бұқар жырау, Махамбетке атойлап".
Хамитбектің таланты мен еңбегін халық та, билік те жоғары бағалады. Көзқарасты қауым білетін ол атақтарды тізбелеп жатпай-ақ, ең бастысы – Алаш ардагерлерінің мұрасын жете зерттеп, олар жайлы отты өлең, поэмалар жазғанын еске алсақ та жеткілікті.
Абыз Азамат ғасыр дертімен ұзақ ауырды. Қостанай мен Нұр-Сұлтан калаларының дәрігерлері де аянып қалған жоқ. Амал не, адамзаттың дұшпаны – арсыз ажал алып тынды.
Қош, қоштасуға қимайтын Хамитбек бауырым. Жаның жәнатта болсын.
Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Алматы.
Ауыр қайғыны ер көтереді
Хамитбек інімнің өмірден озғаны туралы хабар бәрімізге де ауыр тиді. Журналистика саласының қара нары ғой Хамаң! Бұ кісімен бірнеше жыл қызмет істедім. Сонау 90 жылдардың қиындығы кезін-де қасымнан табылған жандардың бірегейі еді. Талай мәселелерді шешу кезінде ақылдасып отыратынбыз. Халықтың мұңын, күйзелісін жеткізетін. Тұрмыс қиындығы қысқан уақытта халыққа басу айтатын кісілердің бірі де Хамаң болатын.
Бұдан бөлек, Хамитбек Қуандықұлы аудандық, облыстық баспасөз беттеріне өңірдің жетістіктерін жария етіп отырды. Ауданның сүйіншілер жаңалығы оның қаламынан туатын. Өмір жолы тек қана өнегелі істерден тұратын Хамитбек Мұсабаевтың қазақ баспасөзі саласындағы ерен еңбегі билік тарапынан әр жылдары лайықты бағаланды. Тиісті дәрежедегі құрметті марапаттардан кенде емес. Бұл қалай дегенмен де еңбегінің нақты жемісі. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор жолдасымыз, замандасымыз, әріптесіміз еді. Табанды, талапшыл, белгілі бір мәселеде өзіндік берік ұстанымға ие тұлға ретінде танимыз. Оған әманда адалдық, әділеттілік қасиеттер тән еді. Қазақ журналистикасының кейінгі буыны Хамаңның шәкірттері десек еш қателеспейміз. Осындай қадір-қасиеттерімен бар өмірін, бойындағы қажыр-қайратын кәсіби білігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетін ол төл журналистиканың өсіп-дамуына арнады.
Ауыр қайғыны ер көтереді, ауыр қазаны жер көтереді. Жаратушы Алла марқұмның артындағы балаларын үбірлі-шүбірлі етіп, ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін! Жатқан жері жайлы болсын!
Сабыржан Ахметов,
Мемлекеттік қызмет ардагері,
Қостанай облысының құрметті азаматы.
Өлең, сөзі өрілген
Аманкелділік айтулы азамат, белгілі журналист, ақын Хамитбек Мұсабаевтың қатерлі сырқатқа тап болғанын естіп, көңіл ала-құла болып отырғаны сол еді, арада бір сағат өтпей пәтер телефоным безілдеп қоя берді. Қол сағатыма қарасам түнгі он екен, журналист інім Қасқырбай Қойшыманов денені мұзға айналдырар суық хабарды жедел жеткізді. Хамитбектің жүрегі мәңгілікке тоқтапты. Өзекті өкініш билейді. Қолдан келер шара жоқ.
Жүздескенде арсалаңдап, аңқылдап құшаққа орап, қауқылдасып қалатын соңымнан ерген іні қаламдастың өмір жолдарын тізбектеймін. Ол өзінің шығармашылық еңбек жолын Аманкелді аудандық бұрынғы "Тың шұғыласы", қазіргі "Амангелді арайы" газетінен бастады. Қатардағы тілшіліктен осы газеттің редакторлығына дейін жоғарылады.
Хамитбек сел сезімнің иесі, төгіліп тұрған лирик ақын еді-ау! Ол өзінің эпикалық жанрларға, атап айтқанда көлемді дастандарды жазуға бейімділігін де толық байқатты. Республикалық "Жігер" фестивалінің лауреаты, облыстық "Қазына" сыйлығының иегері. "Торғай топырағы, "Ахаң-Жахаң ізімен", "Алаш Орда арманы", "Таразы", "Нар кескен" кітаптары жұртшылық ықылас қоя оқып, мол тағылым теретін туындыларға айналды. Сазгер Қалибектің әуеніне жазған мағыналы мәтіндері қаншама.
Жалынды журналист, арқалы ақынның екінші рухани ғұмыры басталғалы тұр. Ұзағынан болсын, қоштасар сәттегі жаралы жүрек сөзін көкейде күмбірлеп тұрған өлең жолдарымен тәмамдаймын.
Қазақтың қайнарынан күш алайық,
Тірлікте таяз көлге ұқсамайық.
Өмірде өрілген соң өлең, сөзі,
Мұндалап тұрады әлі Мұсабаев.
Нағашыбай Мұқатов, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Аға-дос, алдың жарық болсын!
Қайран Дос-Аға Хамитбек те өмірден өтіп жүре берді. Елінің елу жылдық шежіресін жасауға бір адамдай атсалысқан Азамат осы Хамитбек еді.
Он алты жасынан қолына қалам алып, өзінің қара шаңырағы – "Тың шұғыласы" газетінен бастау алып, бүгінгі "Амангелді арайына" ұласқан оның қаламгерлік жолы жарты ғасырға – 50 жылға созылды. Елу жыл бойы еліне қызмет етуден талмаған, ұстанған жолынан танбаған, табанды да талантты тұлғаның қалам құдіретімен жасаған қызметі туған еліне – аманкелділіктерге ғана емес, Торғай-Қостанай төңірегіне кеңінен мәлім.
Батпаққара аумағынан түлеп ұшқан талай қалам иелерінің алтын ұясының ұлы ұстазы атанған Бөкең – Бөгетбай ақсақалдың тәрбиесін көріп, дәстүрлі жолын жалғастырушы, аманатын арқалаған атпал Азамат осы Хамитбек болатын…
Тай-құлындай тебісіп бірге өскен, тәрбиесін көріп, тәлімін алған інілердің бірі ретінде мен де Хақаңды қадір тұтып, ұмыта алмайтындардың қатарындамын.
Қайтпас сапарға аттандырып тұрып, алдың жарық, иманың кәміл болсын деймін, бауырым Хамитбек!
Жалғасбек Сүлейменов,
Аманкелді аудандық "Тың шұғыласы" газетінің
бұрынғы редакторы.
Көкшетау қаласы.
Қайран дос, Хамитбек қажы!
Кеше ғана қол ұстасып бірге жүрген, мектеп қабырғасында бір партада отырған досымыз, белгілі ақын-жазушы Хамитбек қажы Қуандықұлы дүниеден өтті дегенде жүрегіміз солқ етіп, бойымыздан тоқ жүріп өткендей болды.
Хамитбектің төтеден келген қазасы – біздің бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Өмірде бірге жүрген кластастары Лиза мен Гүлбаршынға, ұл-қыздарына, туған-туыстарына Хамаңның қазасына қатты қайғырып, көңіл айтамыз.
1970 жылғы Аманкелді орта мектебінің түлектері, кластастары атынан
Қалибек Деріпсалдин, сазгер.
* * *
Қостанай облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұжымы елге сыйлы болған ел ағасы "Амангелді арайы" газетінің бас редакторы Хамитбек Мұсабаевтың өмірден өтуіне байланысты қайғыға ортақтасып, оның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл білдіреді. Өрісті өнеге қалдырған нар тұлғалы қаламгер, елі мен халқын сүйген абзал жанның есімі мен еңбегі ұмытылмайды деп сенеді.
* * *
Қостанай облыстық мәдениет басқармасы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, танымал журналист Хамитбек Мұсабаевтың
дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туысқандарына қайғысына ортақтасып, көңіл атады.