Конференция арқауы – қос мерейтой
Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде М.Сералиннің 150 жылдығы мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығына арналған «Заманауи журналистика және PR-дың өзекті мәселелері» атты ІV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мақсаты – қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі және өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағының мерейтойы қарсаңында ой-пікір қозғау, қоғамдағы жағдайлар мен ресурстардың өзгеруіне байланысты медиа саласындағы мәселелерді талдау.
Онлайн және офлайн режимінде өткен жиынға облыстағы зиялы қауым өкілдері, БАҚ саласының мамандары, университет профессорлары және Тәжікстан республикасының оқытушы-ғалымдары қатысты.
Конференцияда «Қостанай тңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, ҚӨУ профессорлары – Ақылбек Шаяхмет, Қалқаман Жақып және басқа да таңдаулы қатысушылар тақырыпқа қатысты мәнді-мазмұнды баяндамалар жасады. Өңір журналистикасының кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы келелі ойлар айтылып, жас тілшілерді дайындау, университет қабырғасындағы «Білім жарысы» газетін қайта жандандыру, облыста журналистер музейін ашу және басқа да елеулі мәселелер талқыға түсті.
Толығырақ «Қостанай таңы» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков