Өте дұрыс шешім
31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтіліп, жазықсыз құрбандарды мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары, сол сияқты қарапайым сол замандағы сауаттты адамдар да бар. Сондай-ақ, менің әкем – Хасенхан Омаров та осы саяси қуғын-сүргін құрбаны еді.

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде: «Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым» деген болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын мен қолдаймын. Және өте қуаныштымын. Қаншама жазықсыз кеткен ата-бабаларымыздың істері мен еңбектерін кейінгі ұрпақ білсе екен деймін.
Гүлбадан ХАСЕНХАНОВА,
Зейнеткер.