Олар біздің мәңгі есімізде
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты жариялаған үндеуін тыңдадым. Мемлекет басшысы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубет құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастағанын тілге тиек етті. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Ал төрт жылдасын 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды»,-деп атап көрсетті Қ.Тоқаев. Иә, ату жазасына кесілгендердің арасында менің де туысқаным бар еді.Менің атам Абдулахат Абдулғаламұлы Қадыров Нижний Аташ деген башқұрт ауылында туған. Троицкдегі « Расулия» училище-медресесінде оқыды. Жазғы демалыста ауылға келмейді екен. Оның орнына қазақ даласына барып, байлардың балаларын оқытқан. Училищені бітірген соң қазақ ауылдарында молда болып жұмыс істеген. Кейін Уфа жоғарғы мұсылман діндарларының ұйғарымымен Қостанайдағы Ақ мешіттің молдасы болып тағайындалған. 1917 жылы мешіттен аластатылып, отбасымен бірге үйінен шығарылған. Бірақ, достары өз өмірлерін қатерге тігіп, қала шетінен жеркепе қазып, үйшік жасап берген. Артынан үй де салған. Бірақ, 1932 жылы тұтқындалып, контрреволюциялық үгіт үшін Троицк түрмесіне отырады. Ол амалсыз молдалықтан бас тартады. 1937 жылы оны қайтадан тұтқындап, мүлкін тәркілеген. Өзін ату жазасына кескен. Күйеуінің қайтыс болғанын әжем де, қызы – менің шешем де ол кезде білген жоқ. Бір күні келеді деп сенді. Атам 22 жылдан кейін қайтыс болғаннан кейін ақталды. Бұл туралы тек 2010 жылы белгілі болды. Ол кезде мұның бәрі құпияландырылды. Абдулахат атамнан қалған белгі – ертеде түскен фотосуреттері мен оның жауап алу хаттамасындағы қолы ғана. Қайда жерленгені де белгісіз. Сондықтан, жыл сайын 31 мамыр күні Жеңіс саябағындағы монументке барып тәу етемін, дұға оқимын. Гүл шоқтарын қоямын. Жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккендерді еске алу, оларға тағзым ету – біздің бәріміздің азаматтық борышымыз.
Рамиль Сафиуллин,
зейнеткер
зейнеткер