Спортшыларға сыйақы тағайындалады
2017 жылы облыс бойынша 8500-ге жуық спорттық іс шара өткен. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Вильямс мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2017 жылғы мәлімет бойынша, облыстағы 260786 адам бұқаралық спортпен айналысады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. «Жанкелдин ауданы тұрғындарының 47,4%-ы спортпен шұғылданады. Ал Науырзым ауданында осы көрсеткіш 44,5%-ға тең. Облыс бойынша 8500-ге жуық спорттық шара өтсе, оған қатысқандардың саны 542,8 мыңға жетті. Бізде бұрын соңды мұндай көрсеткіш болмаған еді. Өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына спорт мамандарының, бапкерлердің көбеюі әсер етті. Ауылдық жерлерге былтырдан бастап 333 спорт әдіскері тартылды. Биыл тағы 18 штат ашылмақ», – деді Евгений Вильямс.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 2017 жылы облыста 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 59 Қазақстанның спорт шебері дайындықтан өтті. Бұған қоса, 20 бапкер жоғарғы біліктілік шеберлігін қорғады.
«2018 жылдан бастап ел құрамасында өнер көрсететін Қостанай облысының спортшыларына ақшалай сыйақы тағайындалды. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша сынға түсіп жүрген спортшылар ай сайын 88,4 мың теңге алады. Ал спорттың басқа түрлерінен халықаралық жарыстарға қатысатындарға 79,6 мың теңге беріледі», – деді Евгений Вильямс.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов спорттық шараларды көптеп өткізуді тапсырды.
«Мендегі бар дерек бойынша, 2017 жылы облыс тұрғындарының 29,7%-ы бұқаралық спортпен айналысты. Жаман нәтиже емес. Бірақ, жекелей алғанда төмен көрсеткіштер де бар. Мысалы, былтыр Қамысты ауданында 49 спорттық сайыс өткен. Қостанай ауданы небәрі 10-ға жуық шара ұйымдастырған. Бұл аудандық спорт бөлімдерінің жұмысын көрсетеді. Осы жылы кемшіліктердің орнын толтырыңыздар», – деді өңір басшысы.