Әкем бір ауыз сөз үшін атылып кетті…
Қуғын-сүргін қасіреті қаншама қазақ шаңырағын ойрандап кетті десеңізші!.. Өткен ғасырдың зұлматынан жапа шеккен ұрпақтың бірі мен едім. Мен 1936 жылы туғанмын. Бүгінде жасым сексеннің төртеуіне таяды. Жетімдіктің кермек дәмін бесіктен белім шықпай жатып таттым. Балалар үйінде өстім. Оның үстіне, "халық жауының баласы" деген айдармен қаншама жыл ғұмыр кештім.
Әкем Нұрқан 1937 жылы 4 қарашада қазіргі Әулиекөл ауданында нақақ жаламен ұсталып, сол кездегі "ақ түрмеге" жабылған. Сол жылы 3 ақпанда ату жазасына кесіліпті. Марқұм ол кезде 44 жаста болған екен. Кейін бұл қайғыны көтере алмай, анам да о дүниелік болды. Әкемнің сондағы бар кінәсі – көрнекті жазушы Бейімбет Майлинді танығанында. Әкем Бейімбетпен Уфа қаласындағы Ғалия медіресесінде бірге оқыған, кемді күн жолдас болған кісі. Майлиннің "халық жауы" деп танылып, абақтыға түскенін естіген ауылда жүрген әкем: "Бұл барып тұрған әділетсіздік. Бейімбет халыққа жау емес!" – дейді. Осы бір ауыз сөзді маңайындағы қаскөйлердің бірі ҰІІК-не (НКВД) жеткізіп барыпты. Іштен шыққан дұшпан жаман ғой. Солайша, мен естіген дерек бойынша, жеңіл ауыздылар хабар берген күні-ақ түнгі сағат 2 кезінде үйге 3 адам баса-көктеп кіріп, әкемді тұтқынға алып, үйді астаң-кестең етіп қопарып кеткен. Ол кезде мен бесікте жатқан шағым екен, шырылдап жылаппын.
Әкем медіресе бітіріп келісімен молда болып небары 18 күн ғана қызмет етеді. Оған себеп – Бейімбет Майлин: "Қазіргідей аласапыран уақытта мұндай қызмет қатерлі, молдалықты таста, Нұрқан", – деп кеңес беріпті. Содан әкем қазіргі Б.Майлин ауданына басшылық қызмет істеуге барады. Кейін қызмет бабымен Қызбел ауылына жіберілген.Одан соң Әулиекөлге келген. Міне, сол тұстары жалалылар тізіміне енген ғой… Әлгі қаскүнем нояндар үй ішін аударып-төңкерген кезде сандық түбінен кітап шығып, оның ортасынан әлдебір сурет табылыпты. Ол медіресенің бас мүфтиі: "Бұл қаза болған Алаш қайраткер азаматының бірінің суреті. Сізде сақтаулы болсын", -деп берген суреті болса керек. Мұны көрген жендеттер: "Бітті, бәлем, құрыған жерің осы!" – деп, әкеме одан сайын айбат шеккен көрінеді…
Әкемнің кеңес үкіметі күйреуге бірқыдыру уақыт қалғанда ақталды. Мен Қостанайдағы сол тұстағы МҚК-не (КГБ) арнайы бардым. Өзімнің жөнімді айтып, не мақсатпен келгенімді жеткізген соң мені әлдебір подполковник қарсы алып: "Генерал Гуровтың атына хат жазыңыз, сізге қала ортасынан 3 бөлмелі үй беріледі және санаторийге 8 айлық емдеу-сауықтырудан өтуіңізге жолдама беріледі", – деді. Маған оның түкке де қажет емес екенін айттым, бар керегі әкем туралы құжаттарға қол жеткізу екенін жеткіздім. Оның айтуынша, әкеме қатысты құжаттар Владивостоктан алдырылып, қажеттілері ғана іріктеп алынып, қалғаны кейін қайтарылыпты. Қайта сұрау жіберулерін өтіндім. Ол кезде Әулиекөл ауданының Сұлукөл ауылында тұратынмын. Бір аптадан соң хат келді. "Аса құрметті Стахан Еленов, әкеңізге қатысты құжат-деректер қолымызға тиді, келіп танысуыңызға болады, шақырамыз" деген рәуіште хабарлама жазылыпты. Барып іс материалдарымен таныстым. Жарықтықтың расымен де жазықсыз атылып кеткеніне ақыры көз жеткіздім. Тайға таңба басқандай көрсетілген екен…
Қаралы заман қайтпасқа кетсе де салқын сызы жүрегімді әрі қариды. Әйткенмен, "басқа түссе, баспақшыл" дегендей, өмір бір орнында тұра ма, артқа қарайлап отыра бермей, тіршілік етуді, жақсы тұрмыс жасауды тоқтатпадық. Елге қызмет қылуда аянбадық. Мен "Сұлукөл асыл тұқымды қой зауыты" дүрілдеп тұрған шақта 17 жылдай ауылнай болдым. Мұғалімдікке де көп еңбек сіңіріп, мектеп директоры болып қызмет еттім. Алған алғыс та, орден-медаль да қисапсыз, бірақ әділсіз заманда ешқандай мансап-марапаттан дәметпей "елім", "халқым" деп шейіт болған аяулы әкелеріміздің тағдыры басты темірқазығым болып өтті.
Бүгін ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында үндеу жасап, ел күткен маңызды мәселелерді көтерді. Қазақ ұлты бастан кешірген орны толмас қасіретті жаһандық сипаттағы зұлмат ретінде танитын кездің жеткенін меңзеді. Көзіме қайғы мен сүйініштің жасы қатар келді…
Стахан Еленов,
Қуғын-сүргін құрбанының баласы,
Қостанай қаласының тұрғыны