Электрондық қызмет үлесі артады
Биыл 13 мамырда Қостанай қалалық әкімдігі жанынан мемлекеттік қызмет көрсету, жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдау, сұрақтарына жауап беру кеңес беруге арналған «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылған болатын. Орталық сәулет және құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, ветеринария, АХАТ бағыттары бойынша 9 салаға жауапты.
– «Ашық әкімдік» жобасы мемлекеттік органдардың қызмет көрсету жүктемесін азайтып, «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтерді көрсету жоспарланып отыр. Азаматтар мен бизнес өкілдеріне білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ТКШ, көлік, туризм және коммерциялық қызмет пен кері жауап алу мақсатында биылғы жылдың маусым айында «SmartQostanai» қосымшасы жүзеге асырылды. Тұрғындар смартфоннан AppStore және GooglePlayMarket мобильдык қосымшаларын жүктеп алып, мектептердегі сабақтардың тоқтатылуы, жолдың жабылуы қатарлы көптеген хабарламаларды алу мүмкіндігі бар. Қалалықтар әкімшілік айыппұлдар, темір жол, әуе билеттерін біле алады, коммуналдық төлем жасау, үйірмелерге жазылу, емханасына тіркелу, дәрігерге жазылу, жедел жәрдем шақыру, QR-код арқылы емделу парағының түпнұсқалығын анықтай алады, – деді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және авхив басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімов.
Қостанайда тұрғындардың өтініш-шағымын қабылдау, оқыс оқиға, тосын жайт, апат кезінде коммуналдық және жедел қызметтерді үйлестіру мен уақытында салдарын жою, құқық бұзу әрекеттерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қаладағы жағдайды бейне бақылау камералары арқылы қадағалаудың барлығы iKomek жедел орталығында жүзеге асырылады. Азаматтар орталыққа 109 бірегей нөмірімен хабарласа алады. Қаланың 6000 бейне камерасы iKomek құзырына қарайды.
2022 жылға дейін мемлекеттік қызметтің электрондық үлесін 80 пайызға дейін жеткізу үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған екен.
– Балаларды балабақшалар мен бірінші сыныпқа электрондық тәртіпте қабылаған секілді, бұл жүйе колледжге түсушілерге де енгізілетін болады. Екіншіден, кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізіледі. Біз денсаулық сақтау саласының «қағазсыз медицина» бағытан ауысамыз. Осы жоба енгізілгелі учаскелік дәрігерге қаралатындар саны 1,5 есеге дейін қысқарды, – дейді Е.Әбдікәрімов басқарма басшысы.
Бұған қоса, қазір өңірлік геоақпараттық портал құру науқаны жүргізіліп жатыр екен. Геопортал жер телімін беру мен жобалауға қатысты 6 мемлекеттік қызметті автоматты жүйеге көшіру жұмысын атқарады.
Бұл айтылғандардың барлығы интернеті бар жерлерде қолжетімді. Депутаттар арасынан ғаламтор «өркениеті» жетпеген ауылдарда бұл мәселе қалай шешімін табады дегенсауал қойғандар бар. Е.Әбдікәрімов қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 53 елді мекенді жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді – 40 ауыл биыл, қалған 13 елді мекен келер жылы қосылады.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.