“Туған жерім, тың өлкем!”
Қостанайдағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында "Туған жерім, тың өлкем!" атты XXVIIІ облыстық халық шығармашылығы фестивалі өтті.
Биылғы гала-концерт тыңның 60 жылдығына арналды. Осыған орай сахна төрі де ерекше безендіріліп, өткеннен сыр шертті. Облыс көлеміндегі әр аудан, қалалардан келген көрермендер мен шығармашыл ұжымдар театрдың ішін лық толтырды. Әркім өз ауданының баса озып, үздік көрінгенін қалайтыны белгілі. Десе де, өнер бәйге-сінде өнерге деген сүйіспеншілік, ұлттар арасындағы достықтың лебі сезілгендей.
Аталмыш өнер додасы көптен бері ұйымдастырылып келе жатса да, биылғы кеш өзгеше әсер қалдырды. Театрландырылған көріністер, ән мен жыр, бишілер көрерменді баурап әкетті. Тыңның 60 жылдығына арналған тарту арнайы әзірленген бейнефильмдермен толықтырылып отырды. Фестивальдің негізгі мақсаты – халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерін насихаттау, жас дарындарды қолдау десек, бұл мақсаттың орындалғанын көреміз. Өңіріміздегі шығармашыл жандар таңдай қақтырды. "Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын…", демекші, бұл байқаудың да өз жүйріктері бар. Және олар облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың қолынан марапат алды. Бірінші рет бірдей төрт жеңімпаз анықталды.
Бірінші орыннан Федоров пен Қостанай аудандары көрінді. Сондай-ақ Лисаков қаласы мен Рудный да осындай жүлдеге ие болды. Бірдей ұпай жинап, бәйгеден бірге келген аудан, қала өнерпаздарының бүгін мерейі үстем болды.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суретте: кештен көрініс.
Суретті түсірген Сергей МИронов.