Қарты бар үйдің қазынасы бар

IMG_1519цв"Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді" деген аталы сөз Мырзан ата мен Күлкаш әжеге арналып айтылғандай. Неге десеңіз, бұл кісілер замандастарының алды болып оқыды-тоқыды. Бірі – қырық жыл ұстаздық етсе, енді бірі – ұзақ жылдар экономист болып зейнетке шықты. Бес баланы қатарынан қалдырмай жеткізді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ең бастысы, қос қария бір әулеттің қазынасы болып отыр.
Мырзан Шиткен 1960 жылы Жамбыл облысымен шекаралас Отар станциясындағы ауыл шаруашылық техникумын бітірген. Оқуын аяқтай сала Обаған ауданындағы (қазіргі Алтынсарин ауданы) "Новоалексеев" совхозында механик болып жұмыс істеді. Әскер қатарында болып, азаматтық борышын да өтеді. Әр жылдары ауылнай, экономист сынды қызметтер атқарған. 2002 жылы зейнетке шығып, бүгінде көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отыр. Ал, қарт ана Күлкаш Шиткен қырық жыл ұстаз болған кісі.  Меңдіқарадағы педучилищені орыс мектептеріне арналған қазақ тілі пәнінің мұғалімі ма- мандығы бойынша тәмамдаған. Отағасымен иық тіресе қызмет жасап, Алтынсарин, Қарасу аудандарында мұғалім болды.  Күлкаш ана бес құрсақ көтерген. Тұңғышы Бауыржан теміржолда жұмыс істеп жүріп, 25 жасында бұзақылардың қолынан қаза болыпты. Екінші ұлы Асылжан Қостанайдағы қаржы полициясында полковник, үшінші ұлы Рашит Астанада тұрады. Ол – жеке кәсіпкер.
Төртінші ұлы Сәбит Астанада, ол да қаржы поли- циясында полковник.  Қызы Жанат Елордадағы салық департаментінде жұмыс істейді.
IMG_153 на 1Ата мен әженің 10 немересі бар. Ең үлкен немересі Бауыржан СҚО-да әскери борышын өтеп жатыр. Ең кішісі Санжар 1 сыныпта оқиды. Ұл мен қызын жеткізіп, олардан немере сүйіп отырған қос қария үлкен баласы Асылжанның қолында тұрып жатыр.
Мырзан атай мен Күлкаш әже жетпіс жасты еңсерген. Екеуінің отасқандарына биыл елу екі жыл толыпты. Олардың небір ғибрат-қа толы әңгімелеріне еріксіз сүйсінесің. Бір кереметі, екеуі де газет-журналдан қол үзбепті. Мемлекеттік тілде шығатын бес түрлі журнал мен үш газетті әлі күнге жаздырып алады. Бұл кісілер "Қостанай таңы" газетінің байырғы оқырмандары болып шықты.
Кейіпкерлеріміз немерелеріне шежіре жаттатып, ұлттық жөн-жоралғыны үйретіп отырады. Ата мен әжейдің әдемі тірлігіне куә болғанда "қарты бар үйдің қазынасы бар" деген тәмсіл еріксіз ойға оралады.
Әңгіме барысында Мырзан атай: "Мен негізі генералмын" деді. "Әскери қызмет жайлы сөз болмап еді" деп ойланып қалдым.
– Себебі, екі ұлым полковник. Мен енді генерал болмағанда қайтемін?", –  деп атай балаша мәз болды. Бұл әзіліне мен де рақаттана күліп алдым. Күліп тұрып, тамсандым. Себебі, баласының жетіс-тігіне шын көңілмен шаттанып, қуанатын жан болса, ол ата-ана. Атайдың ұлдары үшін "генералмын" деп әзілдеуі содан болар…
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
Суретте: Мырзан атай мен Күлкаш ана. Кейіпкерлеріміз ұр-пағының ортасында.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓