Біздің бағымызға жаралған

Тамаша педагог Панна Александровна Рыбалова туралы шәкірттік толғаныс
Сұрапыл соғыстың аяқталғанына бес-ақ жыл, Әулиекөл ауданы Қарақалпақ жеті жылдық мектебінің 5 сыныбында жетімдерге арналған интернатта жатып оқып жүрген кезім. Оқулықтарды айтпағанның өзінде, бүкіл дүние деген тапшылық болатын. Ал ұстаздарымыз­ға келсек, көбі апайлар мен омыраулары ордендер мен медальдарға толы майданнан оралған ағайлар.
Жоғары білімді ұстаздар жоқтың қасы, бәрі дерлік соғысқа дейін басқа салаларда еңбек еткендер. Мысалы, шет тілі  сабағын И.Росс деген, әйтеуір аты неміс, ағамыз, ал орыс тілін соғысқа дейін жұрттан салық жинаған ағайларымыздан оқыдық.Рисунок2
Әлі есімде, орыс тілі сабағында бір оқушы ағайға «мужской род», «женский род» дегенге түсінбейтіндігін айтты. Ағамыз болса бұл сөздерді, өзінің орысша сауаттылығына орай, сөзбе-сөз аударып берді. Сабақ арасындағы үзілістерде балалар бір-бірін, «еркек ауыз», «қатын ауыз» деп ызаландырып жүрді. Бұл біздердің орыс тілін қаншалықты меңгергеніміздің деңгейінің көрсеткіші болатын.
Ал мен өзіме келсем, төртінші сыныпты «Мақтау грамотасымен» аяқтап, бесінші сыныпта алдыңғы қатардағы оқушы болып саналдым.
Сол жылдың күзінде өмірімде өзгеріс болды. Қостанай қаласында милиция органында қызмет істеп жүрген Әлсейітов Сапа деген ағайымыз, мені қалада оқып, тәлім-тәрбие алсын деп, Қостанайдағы Жамбыл атындағы /қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат/ жалғыз қазақ орта мектебіне алып келді. Бұған дейін бұрын-соңды қала түгіл, аудан орталығын көрмеген  балаға облыс орталығы қандай әсер қалдыр­ғаны айтпай-ақ та белгілі. Ормандай қаптаған орыстар бала жүрегімде үрей туғызып, елге деген аңсарым күшейе түсіп еді.
Әлі есімде, ескі мектеп ғимаратының ұзыннан созылған дәлізінде бірінші осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі М.Шайхин ағайды кездестірдік. Аласа бойлы, етжеңді ағайды балалардың арасынан байқамай да қалдым. Ағамыз менің жетім екенімді және де жақсы деген жақтарымды,оның ішінде оқу озаты екенімді айтып жатты. Ағай мені басымнан аяғыма дейін қарап шығып, менің омырауымдағы  ұшқыштардың бас киімінің маңдайына тағатын құс­тың қанатына ұқсас белгіні көріп: «мынау не» деп сұрады. Мен міңгірлеп бірнәрсе айтып үлгіргенімше ағасы: «Қазір алып таста, мектепте бұндай уақ-түйек әшекейлерді тағуға болмайды» деп қатаң ескертті. Ағаның өтініші бойынша мені 5 «а» сыныбының тізіміне қосты.
Сабаққа келген мұғалімдер менің білім деңгейімді білгілері келіп, өз пәндерінен сұрақтар қойып жатты. Шынын айтсам, олардың маған көңілдері толды деу шындыққа жатпаған болар еді. Әсіресе, қазақ тілі пәнінен сабақ беретін Шайхымова Мүршида апамыз, «шырағым, көбірек дайындал, білімің тайыздау екен» деген сөзі әлі есімде. Сонда ғана мен өзімді қатарымнан кейін қалып бара жатқанымды сезіндім.
Орманшының жанұясында туып-өсіп, қазақ ауылынан әрі шықпаған бала, орыс тілін бірден меңгеріп кетті деген, шындыққа сыймас. Ал, сыныбымдағы оқушыларға келсек, олардың бәрі дерлік осы қалада туып-өскендер, қазақшасынан орысшасы кем емес,үзілісте боса-болмасын өздеріне оңай тілде дабдырласып жатады. Мен де осы қиыншылықты басымнан өткіздім.
Бірте-бірте орысшасына да үйрене бастадым, себебі бұл мектепте оқылатын пәндердің басым көпшілігі орыс тілінде өтеді екен. Және де бұл тілге деген қызығушылық орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Прасковья /Панна/ Александровна Рыбалова деген апамыздан дарыды десем шындық болар.
1950 жылдың қыркүйек айында  Қостанай мұғалімдер институтының орыс тілі және әдебиеті факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған студентін институт дирекциясы, келешегі бар маман ретінде, осы ұжымға ұстаздыққа қалдырыпты.
Бір ай өтер-өтпес, сол жылдың қазан айында жас маманды ­М.Шайхин ағамыз біздің мектепке ұстаздыққа шақырады. Содан бері 32 жыл бойы 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін апамыз ауылдан келген біздерге орыс тілінің қыр-сырын жалықпай үйретумен болыпты. Еңбек кітапшасындағы жазбалар тек қана мектептің нөмірі мен атының өзгеруіне ғана байланысты енгізіліпті. «1950-1960 жылдар №13 Жамбыл атындағы Қазақ ОМ», «1960-1983 жылдар ­Ы.Алтынсарин атындағы № 1 Қазақ ОМ» деп жазылған.Рисунок1
Апамыз бір ғажап, біздерге орыс тілін үйретуден жалықпайтын  ұстаздардың ұстазы деуге болатын кісі еді.  Ауылдан келген балалардың айтуына оңай болсын деп, апамыз өзін «Прасковья» деген атын «Панна» деп атап кетті, басқа атын біз білген де жоқпыз.
Апамыз біздерге орыс тілін үйрету жолында қаншама табандылық және төзімділік көрсетті дерсің. Оқыр­мандар конференцияларын, поэзия кештерін  ұйымдастыру, әдебиет классиктерінің шығармаларынан үзінділерді сахналау т.т. Бұл ықтияттылықты қажет ететін жұмыссыз тілге деген сүйіспеншілік туғызып оны жақсы меңгеріп кету деген мүмкін болмайтын. Панна Александровна сабақтан тыс уақытын көбіне өзінің орыс тілі және әдебиеті кабинетінде оқушылармен өткізетін.
Республикалық  орыс тілі кабинеттерінің байқау қорытындылары бойынша Панна Александровна  талай рет Облыстық оқу бөлімі, Қазақ ССР ағарту министрлігі «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.  
1971 жылы мектеп жасөспірімдерді оқыту және тәрбиелеу жөніндегі жоғары көрсеткіштері үшін «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды, бұл жоғары наградада апайымыздың да елеу­лі үлесі болғаны сөзсіз.
1972 жылы ол Мәскеудегі ХШЖК /ВДНХ/ қатысушысы болды. Оның Ы.Алтынсарин мектеп-интернатының тәжірибесіне негізделіп жазылған «Обучая воспитывать» атты еңбегі бірінші жүлде алып, ХШЖК жинағына енгізілді. Талай ғылыми-теориялық, мәтінді мәнерлеп оқудың педогогикалық конкурстарына /педчтение/ қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
1957жылы Челябі педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиет факультетін сырттай үздік қызыл дипломмен тәмамдаған Панна Александровнаның  орыс тілін қазақ мектептерінде оқыту туралы ғылыми еңбектері республикалық, одақтық журналдарда жарияланған көрінеді. Ол қазақ мектептеріне арналған орыс тілді оқулықтарды жазуға да атсалысыпты.
Апайымыз өте жұпыны киінетін, кейбір жас қыз­дардай жылтырақ металлдар мен тастарды ол кісінің бойынан көргеніміз жоқ. Мінезге бай, біздердің бір орынсыз қылықтарымыз болса, оған қабақ шытып, не қатты сөз айтып жатқан ол жоқ. Соны біліп біз де оғаш мінез көрсетпеуге тырысатын едік.
Сабақ басталып класқа кірген соң, ол кісі өтетін сабақтың тақырыбын, не жазушының аты-жөнін тақтаға жазып қойып, соның төңірегінде әңгімесін бастайтын. Өлеңдерді айтпағанда, қара сөздерді жатқа айтқанда, біз бір басқа әлемде отырғандай сезінетінбіз, ызыңдаған масаның дауысы естілетіндей тыныштық орнайтын. Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің өлеңдерін айтпағанда, Горькийдің қара сөздерін, қанша уақыт өтсе де, нәшіне келтіріп қазір айтып беруге болады. Бұл жадымызға құйып берген емей немене?!
Осы апамыздың еңбегі зая кеткен жоқ, мектептің көптеген түлектері Одақтың басты деген оқу орындарына түсіп, оқып шықты, ғалым атағын алғандары қаншама.
Панна Александровна Қазақ ССР-інің және КСРО- ның білім беру ісінің үздігі құрметті атағымен қатар, бірнеше медальдармен марапатталған.   1955 жылдан бастап бірнеше рет Қостанай қалалық кеңестің депутаттығына сайланып, қоғамдық жұмыста да абыройлы еңбек етіпті.
Ғұмыр бойы қазақ мектебінде ауылдан келген қазақтың ұл-қыз­дарына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, олардың үлкен өмірде жолы болуына өлшеусіз үлес қосқан қарт ұстазымыз о дүниелік болғанына бес жылдан астам уақыт та өтті. Апайымызды жерлеуге құлақ жетер жерден шәкірттері, әріптес­тері жиналып, шығарып салды, анасының жанына жерлеп, ескерткіш қойды. Біз өзімізді осы асыл апамыздың ұрпағымыз деп санаймыз, қабірінің басына барып ақ басымызды иеміз. Бұл біздің шәкірттік
борышымыз.
 
Ғалихан МӘУЛЕТОВ.
Қостанай қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓