Еріктілер Түркияға көмек жинап жатыр
Қостанайлық еріктілер мен "Бірлік" әзербайжан қоғамдық бірлестігі Түркиядағы зілзаладан зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін қаржы жинай бастады. Қайырымдылық шарасына "ГрИн" азаматтық Альянсы, "Регион-10", "Донор помощи", Жастар ресурстық орталығы сияқты белгілі ұйымдар қатысуда.
Қостанай қаласындағы Алтынсарин көшесі, 115 мекенжайындағы облыстық Достық үйінде де гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылды. Ол жерде көрпе, ұйықтауға арналған заттар, термостар, шамдар, пауэрбанк, балалар жөргегі, жеке гигиеналық заттар қабылданады. Барлық зат бұрын қолданылмаған, жаңа болуы керек. Киім және аяқ киімдер қабылданбайды.
– Бауырлас ел – Түркиядағы зілзаладан жазықсыз жандар жапа шекті. Жараланғандар мен қаза тапқандар саны күннен-күнге артуда. Біздің қазақ халқы әрқашан қиналған жанға сүйеу болып, қайырымдылықтың озық үлгісін көрсетіп келеді. Тағы бір мәрте бірігіп, зілзаладан зардап шеккендерге қол ұшын берейік. Ерікті түрде осы бастамаға қолдау білдірулеріңізді сұраймын, – деді "Бірлік" әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибалаев.
Сондай-ақ, банктердің мобильді қосымшалары арқылы Ұлттық волонтерлік желі шотына ақша аударуға болады. Гуманитарлық көмек көрсету туралы толығырақ ақпарат білгіңіз келсе, 87071971848 телефон нөміріне хабарласа аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА