Тұғырдан түспейтін жұмысшы мамандығы
Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінде өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру туралы мәселесі жан-жақты қаралып, талқыланды. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының жетекшісі Ә.Төртқараева баяндама жасады.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, бүгінгі таңда облысымыздағы барлығы 43 техникалық және кәсіптік білім мекемесінде еңбек нарығында сұранысқа ие жиырма жеті мыңға жуық студент білім алады. Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандар даярлау үшін кәсіпкерлік, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама бас-қармасы, кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен, колледж директорлары кеңесімен бірлесе комиссия құрып, аймақта қандай мамандыққа сұраныс бар, оқу орындарының еңбек нарығының сұранысына сай даярлаған тапсырыстарының сәйкестігі сарапқа салды. Үстіміздегі жылы мем.тапсырыс аясында мамандарды даярлау үшін республикамыздың 100 жасы (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары) эксперимент ретінде техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарымызда білім алуда.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасы, колледж және кәсіпорындар арасында үш жақты шарт мысалы, "ТОТ", "Эко сервис", "Астықжан"фирмаларымен жасалынды. Шарт шеңберінде маман даярлау, кәсіптік біліктілігін арттыру және қайта даярлау, білім беру, әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, бітірушілерді сертификаттау мен жұмысқа орналастыру, инженерлік-педагогикалық қызметкерлерді машықтандыру, оқу жұмыс бағдарламаларын әзірлеу, жұмыс берушілерден стипендияларды бөлу секілді шаралар жүзеге асырылады. Елбасының тапсырмасымен облысымыздағы он үш колледжде он төрт мамандық бойынша дуалді оқыту енгізілді, 25 кәсіпорын әлеуметтік әріптес болды. Дуалді оқыту бойынша республикамызда құрыл-ған эксперимент алаңдарының бірі Қостанай автомобиль көлігі колледжінде орналасқан екен. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Герман халықаралық ынтымақ-тастық қоғамы арасындағы келісім бойынша неміс білім беру стандартын қазақстандық оқыту бағдарламасымен сәйкестендіріп Әулиекөл ауылшаруашылық колледжінде эксперимент ретінде "Фермер" және "Ауылшаруашылығының мехатронигі" мамандығы енгізіліп отыр. Осы тұрғыдағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жұмыс беруші кәсіби маманға ие болса, колледждер тұрақты түрде студент жастардың сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына, іс-тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік алады. Республика көлемінде облысымыз "Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру" жобасын жүзеге асыруда алдыңғы қатарда. Әрине, білікті жұмысшы маманын даярлауда оқу орнының базасы негізгі рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да 2014 жылы облысымыздағы ТжКБ оқу-өндірістік шеберханаларды, зертханаларды жетілдіру, қайта жаңарту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген трансферт көлемі 325 млн. теңгеге ұлғайды. Нәтижесінде он үш колледж материалдық-техникалық оқу базасын жаңартты. ТжКБ дамыту жүйесінде оң жетістіктер болғанымен өзекті мәселе де жоқ емес. Атап айтсақ, 2014 жылы жеті техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде өткізілген мематтестаттаудан бес оқу орны өте алмады. Басты себебі – оқу орнын бітіретін курс студенттері тестілеу барысында шекті деңгейден төмен балл жинады. Сол себепті білім басқармасы жіберілген кемшіліктерге сараптама жүргізіп, алдын алу жоспарын белгіледі. Келесі жылға жоспарланған аттестаттауда көрсетілген колледждер қайтадан аттестаттаудан өткізіледі. Облыстық білім басқармасының жетекшісі Ә.Төртқараеваның айту-ынша, жыл сайын колледждерге күрделі жөндеу жұмыстары жүр-гізіледі. Биылғы жылы Арқалық политехникалық колледжіне жүр-гізілетін күрделі жөндеу жұмысқа байланысты 551 млн. 291 мың теңгенің жобалық-сметалық құ-жаты әзірленді. Сондықтан да білім басқармасының жетекшісі сөз арасында аймақ басшысынан осы жүргізілетін жөндеу жұмыстарына тиісті қаржының бөлінуіне өтініш жасады. Облыс әкімі Н.Садуақасов баяндамашыны тыңдағаннан кейін, аттестаттаудан өтпеген колледжердің себептерін сұрай келе, жасалынған үш жақты шарттар бірыңғай емес, тек жекелеген кәсіпорындар мен фирмалармен келісім екенін жеткізді. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін бітірген жастардың жұмысқа орналасуы қай деңгейде, білімін әрі қарай жалғастырып, жоғары оқу орындарына түсетіні қанша, міне осы мәселелерге де назар аудару керектігін, аймақтың қандай техникалық мамандықтарға сұранысы бар, алдағы жылдарға сараптама жасалынуы қажет екенін айтты.
Гүлназым
САҒИТОВА