Бұл жемқорлықты жасыру ма?
«Қостанайдың бірқатар мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға белсене кірісу қимылы жоқ. Кейбір мекемелерде әшкере болып тұрған парақорлық дерегі жария етілмейді». Облыс әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева осылай деді.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде ішкі талдау жүргізу кезінде бірде-бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған жоқ, бұл ең алдымен мемлекеттік органдардың жұмысына формалды тәсілдемелерді және бірінші басшылар мен өңірлер әкімдерінің жауапкершілік деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сонымен қатар, төрағаның кеңесшісі қатысушылардың назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңа нормаларына аударды.
«Олар бірінші басшылардың тек қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың өсу статистикасы үшін де жауапкершілігін көздейді. Мұндай фактілерді болдырмауға тек жаппай алдын алу, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу ғана қабілетті», – деді Ж.Жылқышиева.
Комиссия отырысында сондай-ақ Мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі жоспарларды орындау сапасы мәселелері талқыланды. Облыстық АМТ басшысы Динара Өтебаеваның айтуынша, аталған жұмыс та қырынан жатыр.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысын күшейту қажеттігін атап өтіп, барлық деңгейдегі басшыларға қысқа мерзімде барлық кемшіліктерді жою және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.