Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа жобалары талқыланды

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар кәсіпорындар мен тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады.IMG_6710Әп дегеннен үкімет басшысы ат басын құрылысы былтырғы жылы басталып, қазір қарқыны қызу жүріп жатқан Әуежай мөлтек ауданына бұрды.  Мұнда ол жаңа мөлтек ауданында бой көтерген тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын байқап, болашақтағы жоспарымен танысты.
Бас министр бұл сапарында таяуда ғана ел игілігіне берілген мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына да соғып, бұл жерде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді дамыту мәселелерін талқылаған кеңес өткізді.Іс-шараны ұйымдастырушы халыққа 70% мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болды.IMG_6745Оқырманға ұғынықты болуы үшін айтсақ, аталған корпорация өз жұмысын биылғы жылдың сәуір айында бастаған болатын. Бұл аты айтып тұрғандай, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін жақсарту әрі оңтайландырудан туған идея еді. Міне. содан бері «Сonnection Point», мобильдік халыққа қызмет көрсету орталықтары мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып және ауылдық пошта байланысы бөлімшелері арқылы мемлекеттік қызметке қол жетізудің мүмкіндіктерін арттыра түсуде.
Мәжілісте мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі сөз болды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл күні аталған корпорация арқылы 530 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, жыл аяғына дейін тағы 53 түрін енгізу жоспарлануда. Қазір жұмыс істеп тұрған фронт-офистерді  жаңғырту әрі олардың жұмысын бірыңғайлау ережелері мен принциптерін енгізу маңызды екенін жеткізді.
– Азаматтар мемлекеттік корпорацияның жұмысындағы өзгерістерді көзбен көріп, сезінулері тиіс. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түсінікті, қарапайым және қолжетімді болғаны жөн. Біз «бір терезе» тәсілінен «бір өтініш» принципіне өтуге ұмтылудамыз,– деді министр.
Бұл пікірді одан әрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Басқарма төрағасы Данияр Еренчинов те жалғай түсті. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 нақты қадам бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тың бағдарламаның  бірі екеніне тоқталып, халыққа қызмет көрсетудегі әкімшілік кедергілерді қысқарту мақсатында пилоттық IMG_6796жобаларды енгізуде белсенділік сезіліп отырғанын әрі уақыт мерзімін қысқарту мүмкіндігіне жеткенін айтты.
– Осылайша, біз бүгінгі күні көлік құралдарын тіркеу мерзімін 2 сағаттан 1 сағатқа дейін қысқарттық. Пилоттық жоба іске қосылған кезең – 6 шілдеден бастап шамамен 88 мың қызмет көрсетілді, оның 73 мыңнан астамы 60 минутқа дейін орындалды, яғни барлық санның 83%құрады,– деді Данияр Еренчинов.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы корпорация бағытында іске асып жатқан жұмыстардың негізгі шарты – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру керектігін әңгімеледі.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓