Полиция мен ақсақалдар ақылы
Дәл бүгінгі күні тәртіп сақшыларының жұмысы оңай емес. Соңғы үш айдың көлемінде Қазақстан полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Бірақ, коронавирустан бөлек, басқа да қылмыспен күрес, күнделікті қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты жауапты міндеттер назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда облыстың оңтүстігіндегі Амангелді ауданындағы қылмыстық ахуал туралы полиция бөлімінің бастығы Қайыржан Баженов толық айтып берді.– Қайыржан Баженұлы, еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, яғни қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы Амангелді ауданындағы тәртіп сақтаушыларының қызметіне тоқталып өтсеңіз?
– Еліміздің құқық қорғау саласында соңғы жылдары түрлі реформалар жасалып келеді. Осынау реформалардың бастауы осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған, 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында жатқаны ақиқат. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму жоспары жасақталып, алуан саланы қамтыған тұжырымдама негізінде бүгінде еліміздің құқық қорғау саласы оң бағытта дамуда.
Атап айта кетер болсақ, тұжырымдаманың «Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту» атты бөлігінде Мемлекет басшысы тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс екендігін ескерте келіп, азаматтарды құқық бұзушылық, бұзақылық секілді қоғамға жат әрекеттермен бірлесіп күресуге шақырған. Бұл – болашақта қоғамдық тәртіпті нығайтуға себеп болып, қылмысты құрықтау бағытында жаңа жүйелердің қабылдануына жол ашқандығы анық.
Еліміздің құқық саласындағы елеулі өзгерістерге келсек, қылмысқа қарсы саясаттың дүниежүзілік деңгейге сәйкес ізгілендірілгендігін атап өтуге болады. Жарқын болашақта бұл жұмыстарды жалғастыра түсу мақсатында Президентіміз тиісті тапсырмалар беріп, нақты міндеттемелер жүктеп отыр. Жалпы, Елбасының халыққа арналған Жолдаулары мен Үндеулерінде құқық қорғау саласы ұмыт қалған емес.
Елімізде құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар полиция жұмысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сапалы қызмет көрсету басымдыққа ие болады.
Бұл үшін полиция бөлімінде азаматтардың барлық өтініштеріне дер кезінде ден қою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Жыл басында полицияның фронт-кеңсесінде азаматтарды қабылдау жүргізілді және бөлімнің бірінші басшылары оларды жеке жүргізді. Сонымен қатар, бір мезгілде, құзіретті шешім алған азаматтардың өтініштері қаралды.
Полиция мен халықтың белсенді диалогы бүгінгі күні әлеуметтік желілердің көмегімен де құрылып жатыр. Көптеген құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды бүгін біз құрылған ведомстволық аккаунттар, жеке блог және БАҚ арқылы аламыз. Бұл біздің жұмысымыздың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Учаскелік полиция инспекторлары ұялы-қалалық нөмірлермен қамтамасыз етілді. Бұл халықпен кері байланыстың пәрменді тетігін жасайды. Осы нөмірлерге 100-ден астам қоңырау келіп түсті.
Құқық қорғау органдарын реформалау шеңберінде бөлімнің штат санын оңтайландыру жұмысы өткізілді. Бүгінгі күні Амангелді ауданы полиция бөлімінің жеке құрам санынан лауазымдардың 10% қысқартылды.
– Кез келген мемлекеттің даму деңгейі оның қоғамдық тәртібінің тұрақтылығымен және құқық қорғау органдарының азаматтардың құқын қорғауды қамтамасыз ету деңгейімен анықталатыны анық. Жыл басынан бері ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстардың және ұсақ құқық бұзушылықтардың көрсеткіші қандай? Оның ішінде аудан аумағындағы мал ұрлығы жайында баяндап берсеңіз?
– Амангелді аудандық Пб-не 2020 жылдың осы уақытқа тіркелген барлық қылмыстық істер саны-16. Өткен жылы бұл кезеңде 30 факт тіркелген. Қылмыстық істер саны 46,7 пайызға азайған. Оның ішінде ауыр қылмыстар саны – 3, оның екеуі сотқа жолданды, ашылу пайызы 66,7. Бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша тіркелген қылмыстық істер-5, былтырғы жылы – 14. Осы тіркелкен 5 ұрлықтың 3-і дер кезінде ашылып, қылмыстық істер сотқа жолданды. Ашылмай тұрған 2 қылмыстық істің екеуі де мал ұрлығы бойынша. Бүгінгі күнде аудан бойынша ең күрделі мәселелердің бірі – мал ұрлығы. Осы ашылмай тұрған 2 мал ұрлықтың бәрі өрістен жоғалған. Мал шаруашылығына қатысты алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқанына қарамастан, жергілікті тұрғындар малды жайылымда қараусыз қалдырады. Содан кейін малдары жоғалған соң 10 күннен 1 жылға дейін ұзақ уақыт аралығында іздеуге өтініш жасайды, бұл оны табуды қиындатады.
Атап айтсақ, 2017 жылы 18 бас жылқы және биыл 4 жылқы жоғалды. Иелері бұл туралы бізге кеш хабарлады. Малдары өрісте қараусыз, бағымсыз жүрген. Жоғалған малдарының біреуінде де белгі болмаған. Мал ұрлығын азайту мақсатында аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналасатындармен малдарына GPS құрылғысын сатып алу және сырғалау жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты полиция бөлімі, мал шаруашылық бөлімі, ветеринария инспекциясы, ветеринария лабораториясы және жергілікті әкімшілік қызметкерлері арасынан топ құрып, әр ауылдық округтерде жергілікті халық арасында көрсетілген желіде жұмыс атқарылуда.
Осы жағдайда мал ұрлығын азайту мақсатында бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Амангелді ауданы көлемінде 3 корал салынды, ол Ұштоғай, Ақсай, Амангелді ауылдарында. Нәтижесінде осы ауылдарда мал ұрлықтары азайды.
Алдағы уқытта қылмыстарды жібермеу үшін жедел алдын алу жұмыстары жандандырылуда. Аймақтық өкілдермен бірігіп бекітілген аймақтарында жергілікті тұрғындарға малдарын қараусыз өріске жібермеу, бақташы шығару жұмыстары жүргізілуде. Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында участкелік полиция испекторлары ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп, халықпен кездесулер өткізуде, бұл жиындардың барысында малды табындау мен таңбалаудың қаншалықты маңызды екендігі түсіндірілді. Бұл ретте, ең алдымен, халықтың меншігіндегі малын қараусыз қалдырмау, мал күзетін ұйымдастыруы қажет. Осыған байланысты, мал ұрлығының алдын алу үшін жеке автономды GPS-тер сатып алуы мал ұстайтын шаруашылық қожайындарға түсіндірілді.
– Заманымыздың дерті – есірткі және нашақорлықпен күрес қазіргі күні қаншалықты нәтижелі? Осынау аса қауіпті кеселдің кең таралуына жол бермеу, оның тырнағына алдымен ілігетін жеткіншектермен тәрбие жұмыстары, жастар арасындағы заң бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылар шаралар қандай?
– Амангелді ауданы көлемінде 2020 жылы осы уақытқа дейін нашақорлыққа қарсы қылмыстық істер тіркелмеген. Аудан көлемінде орналасқан жергілікті оқу орта білім беру мекелерімен бірлесіп нашақорлыққа қарсы дәрістер, сабақтар өткізіледі.
Аудан көлемінде орналасқан көңіл көтеретін мекемелерде, білім алатын мекемелерде және жастардың көп болатын орындарында есірткі тарату фактілеріне жол бермеу мақсатында үнемі рейдтер өткізіледі.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары қызметінің үйлесімді тиімділігін арттыру арқылы қоғамның барлық саласында жемқорлықтың деңгейін төмендету. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар қаншалықты нәтижелі?
– Сыбайлас жемқорлыпен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Амангелді ауданы полиция бөлімінде күнделікті нұсқаулықтарда, апта сайын өтетін әскери даярлық сабақтарында, жедел-кеңестерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтар бойынша бұзушылықтарды болдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Сонымен қатар Полиция бөлімінің ғимаратында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін және хаттарын қабылдау үшін сенім телефоны мен жәшік орталастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды аспектісі және полицияның жариялығы мен ашықтығының көрсеткіштерінің бірі ақпараттық жүйелер мен интернет ресурстарын пайдалану болып табылады. Осыған орай полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері бейне-жетондармен толық жабдықталған. Оның сыртында әкімшілік хаттамаларды электронды толтыру мақсатында планшеттермен жұмыс атқарады. Бұл құрылғылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда көп көмегін береді.
– Амангелді ауданының полиция бөлімінде кадр тапшылығы бар ма? Басқа өңірлерден келіп жұмыс істеп жатқан қызметкерлер бар ма? Жалпы, өңірдегі тәртіп сақшыларға қандай жағдай жасалған?
–Қазіргі таңда Амангелді ауданы полиция бөлімінде 5 штаттық лауазым бос тұр. Бос лауазымдарды толықтыру үшін аудан жастары арасында үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетсек, басқа мекемелерде жұмыс істейтін жастармен, жоғары оқу орныдарын бітіретін студеттермен және әскер қатарынан келген азаматтармен үгіт насихат әңгімелері тұрақты түрде жүргізіледі.
Амангелді ауданы полиция бөлімінде Арқалық, Қостанай қалаларынан келіп, қызмет істеп жатқан қызметкерлер бар. Олар толығымен үй-жаймен қамтылған. Амангелді ауданындағы полиция 6 қызметкері аудан әкімшілігінен бөлінге үйлерде тұрып жатыр.
– Амангелді ауданының полициясы тұрғындардың өтінішіне құлақ аса ма? Қоғаммен кері байланыстың қандай жолы қалыптасқан? Түйіткілді мәселелерді бірлесіп шешетін қоғам белсенділері бар ма?
– Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін және ішкі істер органдарын модернизациялау бойынша жол картасын іске асыру аясында полиция имиджін жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Бұл жолдағы қабылдау, фронт кеңседе жеке қабылдау, ашық есік күндері, жолда қабылдау, сонымен қатар әлеуметтік желідегі Амангелді ауданы полиция бөлімінің парақшасы арқылы және де учаскелік полиция инспекторлары ұялы-қалалық нөмірлермен қамтамасыз етілген. Бұл халықпен кері байланыстың пәрменді тетігін жасайды.
Түйіткіл мәселелерді бірлесіп шешу үшін ауыл ақсақалдар алқасымен тығыз қарым қатынас орнатылған. Ауыл ақсақалдарының да қоғамдық қауіпсіздікке және жастарды тәрбиелеп, түзу жолмен жүруге көп ықпал етіп отыр.
– Қайыржан Баженұлы, сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.