Президент дәрігерлердің жалақысын көтеруді тапсырды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын өткізіп, онда әлемді әлекке салған коронавирус індеті туралы, оның біздің елімізге де тигізіп жатқан салдары мен індетпен күрес жолында атқарылып жатқан шаралар туралы жан-жақты айтып, үкіметке бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Соның ішінде, Президент дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру, ауыл медицинасын дамыту туралы біраз мәселелерді алға тартты. Мемлекет басшысы өз сөзінде коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр сынақ болғандығын, ал мұның салдары елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екендігін анық аңғартқандығын да тілге тиек етті. Әрі бұған еңбекақының аздығы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отырғандығын жеткізді. Президент айтқандай, түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны алатын да дәрігерлер, сондықтан дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болу керектігін, ал бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажеттігін баса айтты.
Дегенмен, мемлекет тарапынан жалпы медицина саласына біраз көмектің көрсетіліп жатқандығын да айта кеткен жөн. Биылғы жылдың қаңтар айында біздің медицина қызметкерлерінің де жалақысы 30 пайызға дейін өсті. Енді Президент тапсырмасына орай, тағы да кезең-кезеңмен көтерілетін болса, онда кадр тапшылығы мәселесі де түбегейлі шешім табады деген сенімдеміз.
мещанов
Сырлыбек МЕЩАНОВ,
Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓