Медицина саласына сенім артады
Биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысы кезең-кезеңмен жоғарылайды. «Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысында.
Бұл ретте, әсіресе, әлемді жайлаған қауіпті дерттің бетін қайтаруға өлшеусіз үлес қосып жатқан эпидемиолог мамандардың еңбегін ерекшелеп айтар едім. Өзім осы салада отыз жылға жуық қызмет етіп келемін. Бұрын медициналық оқу орындарында эпидемиолог мамандарды даярлайтын жеке факультет болатын. Жұқпалы аурудың жаппай таралуына жол бермеуде эпидемиолог дәрігерлердің атқарар қызметі орасан. Сондықтан, бұл бағыттағы мамандарды даярлаудың маңызы зор.
«2010 жылдан бері денсаулық сақтау саласы мен экстенсивті тиімділіктің кейбір бағыттарын оңтайландыруға баса мән бердік. Нәтижесінде мыңға жуық жұқпалы ауруларға арналған орын қысқарды. Биологиялық қауіп-қатерлерді ескере отырып, Үкімет белгілі бір бағыттар бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі рұқсат етілген артықшылық мәселесін қарастырып, оның қиын-қыстау жағдайларға дайын болуына қолдау көрсетуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, қауіптің алдын алу шараларын есте ұстау керек екенін ескертіп өтті. Отырыс барысында Президент Үкіметке ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ісінің тиімді үлгісін жасау шараларының орындалуын, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейтуді қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ, елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Бұл жаңалық біз секілді ақ халатты абзал жандарды қуантып тастағаны анық.
Ұлт денсаулығына бөлінген көңіл келешегінің қандай екенін айқындайды. Алдағы бес жылда болатын өзгерістер елдегі медицина саласына деген сенімді арттыра түсері сөзсіз.
Гүлсім Сасықова,
№1 емханада эпидемиолог дәрігері
Қостанай қаласы