Жәрдемақыға кімдер жүгіне алады?

Коммуналдық қызмет шығындарын төлеу жеңілдігін кімдер иелене алады? Өтінішті толтыру, жіберу тәртібі, қарау шарттары қандай? Тұрғындар қандай талаптарды қаперге алуы тиіс? Бүгін облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров онлайн тәртібінде өткен брифингте осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.WhatsApp Image 2020-04-22 at 18.15.08
Мемлекет халықтың әлеуметтік тұрғыда осал тобының коммуналдық шығынын өтеу шешімін шығарғаны баршаға мәлім. Атап айтқанда, ТЖ режимі кезінде сәйкес топқа жататын тұрғындардың электр қуаты, газ және су тұтынғаны үшін жиылған қарызын үкімет төлейді.15 000 теңге көлеміндегі субсидияға өтінім беру Қостанай облысында да басталып кетті. Осыған орай, басқарма басшысы аталмыш көмекке қол жеткізудің алгоритмін түсіндіріп өтті.
"Біріншіден, өтінішті Call-орталықтар арқылы беру қажет. Өтініште тұлғаның ЖСН-і және жеке шот нөмірі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Екінші сатысы – өтініштерді тексеру барысы. Яғни өтініш берушінің барлық дерегін арнайы органдар тыңғылықты сүзгіден өткізеді. Үшіншісі – мақұлдау кезеңі. Өтініште көрсетілген телефон нөміріне ТКШ мамандары хабарлап, жәрдемпұлдың берілетіні немесе берілмейтіні туралы айтады. Ал, соңғысы – арызы мақұлданған азаматтарға тиесілі ақшаны аудару жосығы. Мұнда да ескертерлік жайт – жеке шот нөмірі қатесіз көрсетілуі керек әрі ол өтінім берушіге тиесілі болуы тиіс", – деп түсіндірді Д.Асқаров.
Басқарма басшысының айтуынша, қазірдің өзінде облыстағы 20 бірдей Call-орталықтардың телефондарына маза жоқ. Өтініш қабылдауға Ікөмек те атсалысып жатыр. Әйткенмен, кезектің шамадан тыс көптігіне байланысты, техникалық ақаулардың жиі орын алатынын да жасырмайды ол. Жалпы, спикер мәліметінше, облыста осы жәрдемді алудан үміткер 50 494 тұлға бар екен. Алайда оның да көбі мұқият тексеруден өтеді. Мәселен, әлдекімнің әлеуметтік жағдайы сәйкес келгенімен, үй өз атында тіркелмеген болуы мүмкін, жеке шот нөмірі өзіне тиесілі болмауы кәдік, т.с.с.
"Тұрғындарға ескертеріміз – өтінішті 30 сәуірден қалдырмай беру міндетті емес. Мамыр айында да жүгінуге болады. Өйткені алдағы айда өтініш қалдырса да, мақұлдаудан өтіп жатса, екі айдың ақшасы бірге түседі. Сондай-ақ, өтінішті 1-ақ рет берсе жеткілікті. Қалған айларға тиесілі көмекақы автоматты түрде түсіп отырады", – деп толықтыра кетті Д.Асқаров.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓