Архимед Мұхамбетов: «Той-думанды шектей тұрыңыздар!»

«Тұрғындар сақтық шараларына салғырт қараса, қатаң карантин режиміне қайта ораламыз». Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай айтты. Өңір басшысы карантин режимінің сақталуы туралы ақпарат беріп, тұрғындарға үндеу тастады.
WhatsApp Image 2020-05-27 at 12.39.44
Архимед Бегежанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін уақытылы қабылдаған шараларының арқасында елімізде инфекцияның жаппай таралуына жол берілмегенін атап өтті.
– Қазіргі уақытта облыста COVID-19 індетінің 131 жағдайы тіркелді. Оның ішінде Жітіқара қаласында – 87 жағдай, Қостанайда – 18, Арқалық қаласында – 2,Лисаков қаласында – 2, Рудный қаласында – 8, Денисов ауданында – 5, Қарабалық ауданында – 3, Қостанай ауданында – 5, Федоров ауданында – 1. 27 мамырдағы жағдай бойынша 60 адам сауығып кетті. Біз коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Атап айтқанда, медициналық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 40 ИВЛ аппаратын, төсек орын жанындағы 60 монитор, 11 мың қорғаныш комбинезондары мен басқа да медициналық жабдықтарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд.теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Қостанай облысында медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру жұмыстары жүргізілуде.  Наурыз айында 365 медициналық қызметкерге 51,6 млн теңге сомасында үстемақы төленсе, сәуірде 1518 дәрігер 242,5 млн теңге көмек алды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ПЦР әдісімен халықтың осал топтарын инфекцияға тестілеу өтіп жатыр. 7 зертханада КВИ-ға сараптама жүргізіледі. Маусым айының ортасына дейін Ұлттық сараптама орталығының базасында тәулігіне 400 зерттеуге дейін қосымша зертхана ашу жоспарлануда. Жалпы, алгоритмге сәйкес коронавирустық инфекцияның бар-жоғына 29217 зерттеу өтті. КВИ сараптамасы «Ұлттық сараптама орталығы» Қостанай филиалының базасында іске асады. Онда 3 зертхана жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар науқастарды анықтау үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасында күніне шамамен 1600 зерттеу жүргізіледі. Аймақ әкімі тұрғындарды карантин режиміне салғырт қарамауға шақырды. Тиісінше кәсіпкерлік субъектілері тарапынан шектеу шараларын ескермей жатқандар көбейген.
WhatsApp Image 2020-05-27 at 12.39.43
– Пандемиямен күрестің ең тиімді жолы – жеке гигиенаны сақтау. Мұны осы саланың мамандары дәлелдеп отыр. Алайда, карантин режимін сақтамай отырғандардың қатары күн сайын артуда. Арнайы мониторингтік топ 14 мыңнан астам тексеру жүргізді. Карантин режимін бұзудың 267 жағдайы тіркеліп, 274 айыппұл салынды. Бұлай жалғаса бермейді. Егер тұрғындар сақтық шараларына салғырт қараса, қатаң карантин режиміне қайта ораламыз. Сондықтан тұрғындарды ұқыпты болуға шақырамын. Жақындарыңыздың денсаулығына жауаптысыздар. Той-думанды шектей тұрайық, мұның бәрі сіздер үшін жасалып жатыр. Сыйымдылығы 30 адамнан асатын мейрамханалардың жұмысы туралы 8 маусым күні айтылады, – деді Архимед Мұхамбетов.
Жиын соңында әкім карантиндік шараларды сақтау мониторингінің жалғасатынын айтты. Кез келген заңбұзушылықты құқық қорғау органдары назарына алады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓