Бір автобус керек
Аманкелді ауданының тұрғындары бұрынғыдай облыс орталығына баратын қоғамдық көлік қатынаса дейді. Бұл туралы олар ауданның әлеуметтік желідегі «Батпаққара» тобының парақшасында хабарлап, талқыға салды.Қазір Аманкелдіден Қостанай қаласына жүретін автобус жоқ. Екі араны жеке таксилер жалғап тұр. Құны – 4000 теңге. Осы мәселе төңірегіндегі аудан жұртының және билік өкілінің пікірлері мынадай.
«Бұл жерде таксиді алып тастау туралы әңгіме болып жатқан жоқ. Тек автобус та керек деген мәселе. Қатынайтын халық көп. Жазда 1 рет көліксіз барып, автобусқа отырғанмын Арқалықтан ары қарай. Жол жөнделіп жатқан жерді айналып өткенде ішінде шаң жұттық. Сондықтан кейін қарай таксимен кетемін дегенмін. Бірақ, оларды ертерек тапсырыс керек екен. Таппадым. Міне, мәселе осында. Сұранысты толық қамтамасыз ете алмай қалады кейде. Азаматтардың "лақтырды" дейтіні де содан туындайтын болар. Не болса да жолаушылар тасымалын жолға қою қажет. Әйтпесе, біреудің нанына қызығып отырған ешкім жоқ. Сол таксистердің дені таныстарым, достарым».
Бақытбек Байтеміров
«Автобустың әр жерге бір тоқтап, шабандау жүретіні рас. Бірақ автобустың таксиге қарағанда, әсіресе қыста сенімді көлік екендігін елдің бәрі мойындайды. Астанаға автобус шықса да мінетін адам табылар еді. Әсіресе мамыр, тамыз айларында».
«Такси болған жақсы. Бірақ сол таксистер адамды салып алып, Арқалық пен Аманкелді арасында бір сағат жүреді. Мінген адам ішінен иманын үйіріп отырады. Жол апатында жасап жатыр. Бұл деген жауапкершіліктің жоқтығы. Автобуспен жүргенді жақсы көремін, тиімді және сенімді».
Жомартбек Нұрманов
«Бәрі мәселенің экономикалық тұрғыдан тиімділігіне тіреледі. Кәсіп қызмет тұтынушылар мен қызмет көрсетуші екі тарапқа да тиімді болуы керек. Ол жағын экономистер ойластырсын. Бұрын Арқалық пен Аманкелді, Арқалық -Торғай, Аманкелді-Қостанай арасына автобустар сұраныс көлеміне сай, икемді кестемен жүріп тұрушы еді ғой. Солар шығынға батты дегенге сену қиын, бұл жерде жұмысқа басқа себептер кедергі болып тұрған сияқты».
«Автобустың бағасы да арзанырақ, қалтаға салмақ емес, сондықтан бұл жергілікті және облыстық билік назарына алатын мәселе. Такси де керек, асыққандар, жайлылық іздегендер әрине таксиге отырады, бірақ елдің бәрінің жағдайының бірдей еместігін ескерген абзал»
«Бұған дейін қоғамдық көлік қатынаған. Бірақ, қалаға такси жүре бастаған кезде халық сол жеке көліпен жүруге көшті. Автобусқа мінетін адам болмай қалды. Сосын амалсыз Аманкелді-Қостанай бағытын жаптық. Қазір таксилер жүріп тұр, бірақ соның тең жартысы тіркелмеген. Сұрасаң, «такси емеспін, өз шаруаммен бара жатырмын» деп шыға келеді. Сондықтан, халықтың амандығына алаңдайсың, әрине. Қысты күндері сол таксилер жолда жиі тұрып қалады. Автобус болса, шынымен де қауіпсіз. Бүгін ғана аппарат мәжілісінде осы мәселені талқыладық. Бұны облыс билігі шешеді. Дегенмен, ертең автобус шығарып алып, халық мінбей қойса, тағы да еңбек босқа кетеді. Ал, қалаға қатынап жүрген жігіттерге қой деп айта алмайсың, өйткені олар да нәпақасын жолдан тауып отыр, үйде бала-шағасы бар.
Қорыта айтқанда, бүгін-ертең Қостанайға автобус шығады деп айта алмаймыз. Қазір Арқалыққа ғана бағыт бар».