КЕЗЕКТІ РЕЙД ЖҮРГІЗІЛДІ
Қостанай қаласында мониторингтік топтың ұйымдастыруымен ірі сауда орталықтарына, дүкендер мен кафелерге кезекті рейд жүргізілді. Топ құрамында қалалық әкімдіктің, жергілікті полиция, ішкі саясат басқармасының, санитарлық қадағалау қызметкерлері мен БАҚ өкілдері бар. Рейд мақсаты – қызмет етуге рұқсат берілген сауда орындары мен бизнес нысандарындағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау. Мониторингтік топ облыс орталығындағы Орталық әмбебап дүкен мен "MART", «Апельсин» сауда орталықтары, «Болашақ» сауда үйі мен «Гранат» мейрамханасына барды. Аталған нысандарда карантин ережелерін бұзу анықталды.
Сондай-ақ, ірі сауда орталықтарында бетпердесіз жүрген тұтынушыларға және оларға қызмет көрсеткен сауда орнының иелеріне ескерту жасалды. Карантинге байланысты бөлшек сауданың жұмыс режиміне таңғы сағат 08:00-ден кешкі 21.00-ге дейін рұқсат берілген болатын. Алайда, жабылатын уақытқа қарамастан жұмыс істеген «Болашақ» сауда үйі мен «West» дүкені әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар, рейд барысында маршруттық автобустар мен таксилер де тексерілді. Тексеріс нәтижесінде автобус жүргізушілерінің барлығы дерлік қолғапсыз қызмет көрсетіп жатқаны анықталды. Тіпті, бетпердесіз отырған жолаушылар да кездесті. Жүргізушілерге қатаң ескерту берілді.


Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.