Жерлестерінің қошеметіне бөленді
Үстіміздегі жылдың 19 қыркүйегінде Елбасының бастамасымен ұйымдастырылған “Мерейлі отбасы” байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталған болатын. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған ел тарихындағы алғашқы ауқымды шараға 1298 отбасы қатысып, соның ішінен 16 отбасы іріктеліп алынған еді. Солардың арасында біздің Тобыл өңірінен қатысқан әулиекөлдік Жанбыршыновтар отбасының да бағы жанып, Елбасы сыйлаған темір тұлпарды мініп қайтты. Астанадағы салтанатты шарадан оралған мерейлі отбасыны облыс әкімі Н.Садуақасов та құттықтаған болатын. Жаңбыршыновтарды қандай құрметке болмасын лайық санайтын әулиекөлдіктер де оларды кезек-кезек құттықтауда. Жақында ауданда өткен салтанатты шарада аудан әкімі Амантай Балғарин де өмірге бес ұл әкеліп, солардан немере сүйіп, отбасының береке-бірлігін сақтап, көпке үлгі болып отырған әулет иелерін марапаттап, сый-сияпат жасады.
-Бұл байқаудың басты мақсаты – өнеге құндылықтары және отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру. Осындай сайыста үздік деп танылып, Елбасының қолынан темір тұлпарды қанжығаларына байлап келген жерлесіміз Жанбыршыновтардың жеңісі біздің аудан үшін ғана емес, облыс үшін де зор мақтаныш. Ғқмырларыңыз ұзақ болып, өздеріңіз өсірген саналы да тәрбиелі ұрпақтарыңыз өсіп-өне берсін, – деді аудан әкімі А.Балғарин.
Марапаттау шарасы аясында ауданның құрметті азаматы С.Досмағамбетов те бұл отбасының “Мерейлі отбасы” деген атаққа лайық екендігіне тоқталып, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.
-Зейнолла Абайұлын мен бала кезімнен білемін. Досымның ерте отау құрғанын да, балалы-шағалы болғанын да көрдім. Анасы Айша тамаша жан еді, ол кісінің қолынан талай рет дәм ауыз тиген едім. Ал, әкесін көрген жоқпын, себебі ол кісі соғыстан кейінгі жылдары Зейнолланың сегіз жасында көз жұмыпты. Әкесі жастай кетсе, анасы жастай жесір қалды. Сондықтан, бұғанасы қатпаған бала Зейнолла еңбекке де ерте араласты. Сол кезде біздің әке-шешелеріміз оны үнемі үлгі етіп отыратын еді. Міне, қазір Мәскелеуді айтсақ Зейнолла, Зейнолланы айтсақ, Мәскелеу көз алдымызға келеді. Оның қалаға көшіп, қолын жылы суға малып отыруына да шамасы жетеді, бірақ ол өзінің туған жерін, елін қимайды, не көрсе де солармен бірге. Ол өзінің шаруашылығын басқарып қана қоймай, көмек қолын сұраған қаншама жанға шарапатын да тигізіп отыр. Өзінің адал еңбегінің арқасында ауданға, облысқа, тіпті елімізге танымал болуы өз алдына, ең бастысы отбасының ұйытқысы болып, жақсы әке, жақсы жар бола білген осындай досымның болғанына мен де қуанамын әрі мақтан тұтамын. “Бала атқа мінсе, анасы тақымын қысып отырады” демекші, Зейнолла осы сайысқа қатысқанда, біз де үйде отырып тақымымызды қысып, артынан шын қуанышқа ие болдық. Алла, Зейнолланы осы бақытынан айырмасын, – деді С.Досмағамбетов.
Салтанатты марапаттау барысында әулиекөлдіктердің назарына бұл отбасы туралы он минуттық фильм ұсынылды. Ал, шара соңында Зейнолла Жанбыршынов та Елордадағы байқаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын, керемет әсер алып қайтқандарын да жасырмады. Сондай-ақ, өздері үшін дауыс беріп, тілеуін тілеген жерлестеріне алғысын жаудырды.
Қарлығаш Оспанова
Әулиекөл ауданы