Мас жүргізушіге жаза қатаң
Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы қолданысқа енгізілді. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігіне, мас күйінде болып, көлік құралын жүргізгені үшін осындай құқықтан айырылған адамның жауапкершілігін көздейтін өзгерістер енгізілді.
Егер бұрын аталған баптың санкциясында тек айыппұл, қоғамдық және түзеу жұмыстары түрінде жаза көзделсе, қазіргі уақытта бас бостандығынан шектеу және айыру енгізілді. Сонымен қатар, қосымша жаза ретінде енді бұрынғы үш жылдың орнына көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыру тағайындалады.
Заңға жаңадан өзгеріс енгізілгелі бері Қостанай ауданы бойынша аудандық сотқа аталған қылмысты жасаған 8 тұлғаға қатысты қылмыстық іс жолданған. Бұл туралы Қостанай ауданының прокуратурасы хабарлайды.
«Заң жақында қабылданғанына қарамастан, сот практикасы өте тез қалыптасқан, атап айтқанда, осы санаттағы қылмыс жасағаны үшін нақты бас бостандығынан айыру тағайындалады. Мәселен, 2020 жылғы 26 наурызда Тобыл қаласында көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған азамат Н. Школьная көшесінде орта дәрежедегі масаң күйде автокөлікті жүргізіп келе жатқанда полиция қызметкерлері оны тоқтатып, жасалған құқық бұзушылықты анықтаған. Қостанай аудандық сотының үкімімен азамат Н. 1 жылға нақты бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Аудан прокуратурасы азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жоғарыда аталған салдары қауіпке әкеп соғуы мүмкін құқыққа қайшы әрекеттерді жасамауға шақырады.