Ауыл әкімінің айтары бар

Редакцияға Алтынсарин ауданы Ілияс Омаров атындағы ауылдық округінің әкімі Қошқарбай Нұртасов келді. Айтуынша, өзіне қатысты жарияланған tobolinfo.kz сайтындағы мәліметтер шындыққа жанаспайды. Мән-жайдың түсінікті болуы үшін басынан бастайық.
2020 жылдың 28 сәуірі Ілияс Омаров атындағы ауылда 17 жасар Руслан Жұбанышев жоғалып кеткен. Жас жігіт осы күні таныстарымен балық аулауға шыққаны белгілі болды. Русланды іздеуге ауыл тұрғындары, жақындары, еріктілер және тәртіп сақшылары қатысады. Бұл оқиға бойынша облыстық полиция департаменті тергеу шараларын бастады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет істері агенттігі де ауыл әкімі Қошқарбай Нұртасовқа қатысты қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
WhatsApp Image 2020-05-22 at 17.33.44
– Мен әділдік іздеп келіп отырмын, – дейді Қошқарбай Нұртасов. – Аймақтық tobolinfo.kz деген сайтта менің абыройыма нұқсан келтіретін және шындыққа жанаспайтын мәліметтер жазылыпты. Ең әуелі, мен жоғалып кеткен жігітті іздеу шараларын қатыстым. Алғашқы күні ауылдың 30-40 адамын алып шығып, жан-жақты қарап шықтық. Екінші күні сағат таңғы 7-8 шамасында ауыл іргесінде жиналдық. Полицейлер, прокурор, волонтерлермен Талы көліне дейін шолып шықтық. Кейін карта бойынша да, дрондармен де іздей бастадық, бақсыға болжатқандар да болды. Төртінші-бесінші күндері де шаралар қарқынды жүрді. Оның әкесімен сөйлескенімде 07:30 шамасында Русланның телефоны іске қосылғанын айтты. Бұл да үміт ұялатты. Осы кезде аудан прокуроры мені еріктілер мен қызметкерлерге ас-ауқат ұйымдастыру үшін ауылға жіберді. Осылайша, ауылдағы бұрынғы әкімдік орнында тамақтанатын жер жасадық. Кейін  өзімнің негізгі жұмыстарыммен айналысып кеттім. Бірақ, жағдайды үнемі бақылауда ұстадым. Іздеуге 300-ден астам адам қатысты. Русланның әкесінің мен туралы неліктен теріс ақпарат бергенін түсінбедім. Екіншіден, балам карантин режимін бұзғаны үшін жауап берді. Үшіншіден, қызметтік иттерге байланысты да сұрағым бар. Иттердің қалай жұмыс істегенін бүкіл ауыл көрді. Иттер 400-500 метр жетпестен тоқтаған. Кинологтардың жұмысына, иттердің қай жерге барып-бармағанына ауылдықтар куә.
WhatsApp Image 2020-05-22 at 17.33.44 (1)
Қошқарбай Амангелдіұлының айтуынша, қорғаушыны (адвокатты) жоғалып кету ісіне байланысты жалдамаған.
– Менің ұлыма қатысты кейбір күмәнді жайттарды анықтадым. 29 сәуір күні сол отырыста болғандар Руслан Жұбанышевті іздеуге қатысады. Сол күні кешке оларды учаскелік полицейлер алып кеткен. Баламды тергеуге алып, қысым көрсеткенін білдім. Ұрып-соғып, мәжбүрлеген. Қазір бұл жағдаймен тиісті органдар айналысып жатыр. Осы жағдайды назарда ұстау үшін қорғаушы жалдауға мәжбүр болдым. Баламның болашағына мен жауап беремін. Онымен екі күннен соң ғана «Ватсап» арқылы байланыса алдым. Сол себепті жоғалып кеткен жігіттің әкесінің сөзін жоққа шығарғым келеді. Біз адвокатқа басқа себеппен жүгіндік, – деп түсіндірді ауыл әкімі.
Қошқарбай Нұртасовтың қызметтік көлікке байланысты да айтары бар. Сондай-ақ, тергеу шараларының толыққанды жүргізілмеуі әке көңілін күпті еткен.
WhatsApp Image 2020-05-22 at 17.33.45
– Рас, ұлыма қызметтік көлікті беріп жүрдім. Ол үшін жауаптымын. Ауылға келген көліктер батпаққа тұрып қалса, менен көмек сұрайды. Сондай жағдайларда ұлымды жұмсай қоямын. Сол күні балам машинаны маған айтпай алып кетіпті. Түнгі 23:30 шамасында оған қоңырау шалып, көлікті алып келуін айттым. Қысқасы осы. Жалпы, бұл мәселенің әділ жолмен шешілгенін қалаймын. Күмән туғызатын көп нәрсе бар. Сол күні ауылға тіркемесі бар «Нива» көлігі келіпті. Бұдан бөлек «Жигули» де болыпты. Ауыл тұрғындарының сөзінше, көлік ішінде «сақалды» кісілер болған. Мұны кім тексереді? Сол көліктер қайда? Не үшін келген? Негізі тергеудің 100-200 нұсқасы болса, соның бәрі саралануы керек қой. Баламның киімдерін сараптамаға алып кетті. Ол қанша уақыт жүреді? Оның әділ жүретініне кім жауапты? Біреу-міреу киімге бөгде нәрсе салып жіберсе ше? Қалай дәлелдеймін оны. Соңғы күндері қорқа бастадым. Бәрі менің ұлыма тіреліп қалғандай көрінеді. Не шара жасайтыныңды білмей қаласың, – дейді ол.
Сонымен, айтары көп ауыл әкімінің, әділдік іздеген әкенің пікірі – осы. Ал тергеу шарасы қаншалықты жалғасады? Сараптама жұмысын кім бақылайды? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін тиісті органдарға сұраным жібермекпіз.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓