Ауызашарға барғандардан да коронавирус анықталған
Еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустың жаппай тарауы еңбек ұжымынан тыс жерде, яғни адамдардың көп жиналуына байланысты екендігін айтады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасының бірден бес мүшесі коронавирус жұқтырған. Оның ішінде қауіпті топтағы егде жастағы адамдар, яғни олардың ата-анасы. Ал, Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған бір адам анықталғаннан кейін инфекцияның сегіз ошағы тіркелген. Бұл жағдайда ұжымның өзінде 29 адам, ал үй ошағында 11 адам анықталды. Сырқат жұқтырғандардың үшеуі – балалар. Сондай-ақ, Түркістан облысында да бір науқас 20 адамға жұқтырған. Оның екеуі 60 жастан жоғары адамдар көрінеді. Атап йтар болсақ, жүк көлігін жүргізуші ер адам әйеліне жұқтырған, ол жұмысындағы алты адамға, ал олар инфекцияны үйлеріне тасымалдап, нәтижесінде тағы 14 адам жұқтырған. Айта кететін жайт, ауызашарға барғандардан да коронавирус анықталған. Сондықтан, бас санитар бұл мысалдарды бекерге айтып отырмағандығын, азаматтарға қонаққа барып, үйге қонақ шақыруды тия тұру керектігін ескертеді. Ал, адамдардың жүріп-тұруын шектеу шаралары ауруды жұқтыру санының күрт шарықтап кетуінің алдын алуға көмектеседі. Егер мамандардың ескертуіне қарамастан қарапайым ережелерді сақтамайтын болсақ, қауіпті індет әріқарай таралып, ошақ саны көбейе бермек.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 7234 адам анықталды. Оның ішінде 3 734 адам аурудан айықса, 35 адам қайтыс болды.