Экс-әкім 13 жылға сотталды (БЕЙНЕБАЯН)
11 сәуір күні Қостанай қалалық №2 сотында шаһардың бұрынғы әкімі мен орынбасары және олардың сыбайласы болды деп айыпталған бес бірдей адамға сот үкімі шығарылды. Үкім басталмай жатып, адамның көптігінен есік алдында, сот залы мен оған кіретін дәлізде үлкен кептеліс болғанынан айта кетейік. Сотталушылардың туыстарының да күйзелгендігін байқадық. Ал өткен жылдың тамыз айынан бері тергеу изоляторында отырған Қалиев, Васильев, Биктибаев, Овнанян төртеуін сот залына алып кіргенде, олардың жақындары ұлардай шуласты. Васильев, тіпті, ағайын-бауырларымен амандасуға мұрсат бермеген айдауылдарға «итермеңдер мені» деп мінез көрсетіп алды. Ал қоршау ішіне кіргеннен кейін орындығына шығып алып, туыс-туғандарымен амандық сұрасып біразға дейін тұрды.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Ахмедбек Ахметжанов 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол алдағы жаза мерзімін қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтейтін болады. Және сот оның дүние-мүлкі тәркіленсін деген шешімге келіп отыр. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері үйқамақта отырған экс-шенеунікке сот залында кісен салынды. Бұған дейінгі өткен соттың жарыссөзінде прокурорлар қылмыстық істегі басты айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Жазаның 2 жылға болса да жеңілдетілгені себеп болды ма, кім білсін, әйтеуір шаһардың бұрынғы басшысы өзін сабырлы ұстады.
Бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев ҚР ҚК 313, 24, 368 баптары бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Қалиевті жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтесін деген үкім шығарды. Бұның алдында мемлекеттік айыптаушылар да дәл осы мерзімді сұраған болатын.
Кәсіпкерлер де қатаң жаза алды. Сот «Шарт-Астық» ЖШС директоры Леонид Васильевке 14 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады. Ол алаяқтық жолмен мемлекеттік жауапты қызметкерлерге пара беруге көндірді, бопсалады, мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау кезінде бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен әлденеше рет иемденді, пара беруші мен пара алушының арасында делдалдық атқарды деп айыпталған болатын. Айтпақшы, жаза үкімі оқылған кезде Васильев күліп жіберді. Сыған баронын жақтаушылар көп екен, 14 жыл жазаны күтпеген жақын-жуықтары даурығып барып басылды. Әйелдер жағы көз жасына ерік беріп, ұзақ уақыт жылаумен болды.
«Стройметсервис-2007» ЖШС директоры Сергей Биктибаев 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнанянды сот 10 жылға сотталсын деген үкім шығарды. Ол мемлекеттік лауазымды қызметкерге делдал арқылы әлденеше рет ірі көлемде пара берген, салық төлеуден және бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтарды деп айыпталған болатын.
Бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлердің барлығы мемлекеттік қызмет пен қаржылық-шаруашылық мекемелерін басқару құқығынан біржола айырылды.Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Қостанайда су бұру тармақтарын жүргізуге бөлінген 940 млн. теңгенің құрылысын «АИФ» ЖШС-нің пайдасына шешіп бермек болған Леонид Васильев пен Сергей Биктибаев аталған фирманың жетекшісі Аркадий Воловскийді пара беруге көндіреді. Алғашқы 8 млн. теңгені сол жылы маусымда Мақсұт Қалиев арқылы Ахмедбек Ахметжановқа жолдаған. Кейін Васильев пен Биктибаев «АиФ» директорынан тағы 62 млн. теңге бопсалайды. Оның 38 миллионы жоғарыдағы су құбырының «алғысы» үшін, 24 млн. теңгесі Жітіқара қаласындағы индустриалды аймақтың құрылысын жеңіп бергені үшін «сыйақы» мөлшері.
Бұған дейін Қостанай қаласындағы 280 орындық балабақша құрылысы да талан-таражға түсе жаздады. Мемлекеттік байқауда заңды түрде жеңіп тұрған «Ұлан» ЖШС бастауға тиіс бөбекжай құрылысына Ахметжанов араласып, қалалық құрылыс бөліміне оны Сергей Биктибаев басқаратын «Стройметсервис-2007» серіктестігіне бұрып беруге бұйрық береді. Осы «еңбегі» үшін қаланың экс-басшысы 2014 жылдың аяғында Биктибаев пен Васильевтен 3,4 млн теңге пара алған.
Ал 2014 жылдың тамыз айында Ахметжанов мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жарияланған мемлекеттік байқауда Гагик Овнанян басқаратын «Сыл» ЖШС-ін заңсыз тұрғыда жеңімпаз деп тапқан. Осы «жомарттығы» үшін шаһар басшылығы серіктестік жетекшісінен мемлекеттен ұтып алған 826 млн. теңгенің 10% «үлесін» алатын болып келіскен. Өткен жылдың сәуірінен тамыз айына дейін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев Гагик Овнаняннан 74 млн. теңгені бірнеше рет бөліп-бөліп алыпты. Ол бұл ірі көлемдегі қаражатты тікелей басшысына жеткізіп отырған. Мақсұт Қалиев 1 тамыз күні Гагик Овнаняннан кезекті 13 млн. теңгені алып жатқан жерінен ұсталды.
Сот үкімінен бөлек, Ахметжанов, Васильев және Биктибаевтан мемлекет қазынасына 67,5 млн. теңге және мемлекеттік баж ретінде әрқайсысынан 674 мың теңгеден өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Бұның сыртында барлық сотталушылардың банктік есеп-шотындағы ақша мен жылжымалы және жылжымайтын мүлік тәркілеуге алынсын деген шешім оқылғанын айта кету керек. Судьяның тек жоғарыда айтылған қаржылай өндіріп алу, мүлікті тәркілеу туралы шешімін оқуға 20 минуттай уақыт кетті. Олардың арасында қаншама пәтерлер, офистер, мейрамхана, жер телімдері, қымбат автокөліктер, жылқылар бар. Тіпті, бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлердің смартфондары да мемлекет меншігіне өтетін болды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Үкімнен кейін атышулы іске төрелік жүргізген облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы Ерлік Сералин журналистерге арнап баспасөз жиынын өткізді. Тілшілер қауымының «Леонид Васильевке не себепті мемлекеттік айыптаушылар сұраған жазадан ауыр жаза кесілді?» деген сұрағына судья «Соттың шешімі мемлекеттік айыптау қорытындысына тәуелді емес. Васильевке қылмысының ауырлығына қарай ұзақ мерзім беріліп отыр. Сотталушыға ақша бопсалады деген кінә тағылды. Яғни, сот-сараптау зерттеуінің қорытындысына сәйкес оның қылмысының деңгейі ауыр деңгейге жатқызылды» деді. Ал жалпы бұл қылмыстық істің «ұйымдасқан» деген санатқа жатпайтынын айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ