13,5 мың жұмыс орны ашылмақ
Қостанай облысында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жұмысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың айтуынша, биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 99 жоба жоспарға қойылған.
«Жалпы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 275 ауқымды жобаны орындау көзделген. Оның ішінде әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым, елді мекендерді абаттандыру салаларына екпін түсірілді. Қазір 210 жобаның келісім-шарты дайын. Жұмыс орындарын құру мониторингі «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама аясында 13,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жұмыссыздар ретінде есепте 4 мың адам тұр», – деді Гүлнар Әбенова. Гүлнар Әбенова жұмысқа үміткерлерді іріктеу кезінде колледж түлектеріне назар аударуды ұсынды.
Осы жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 7 мыңға жуық студент аяқтайды.
«Олардың бірден жұмыс тауып кетпейтіні анық. Осы ретте Жұмыспен қамтудың жол картасы көмекке келеді», – деп түйді басқарма басшысы.