26 қаңтардан бастап қала мен аудан әкімдері есеп бермек
Бұл ақпаратты аппарат мәжілісінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов мәлім етті. Ол өз орынбасарларына тапсырма беріп, жыл сайынғы дәстүрлі түрде өтетін аудан әкімдерінің халықпен кездесу есебіне ең негізгі деген мемлекеттік бағдарламаларды жұртшылыққа нықтап түсіндіру керектігін алға тартты.
Бұл шараға өңір басшысының барлық орынбасарлары қатысып, қала мен аудан әкімдерінің халықпен жүздесуін қарқынды өткізу жоспарланып отыр. Мәселен, Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов қатыспақ, Алтынсарин ауданы Марат Жүндібаевтің еншісіне тиді. Федоров және Қарабалық ауданы Сергей Карплюкке бұйырса, Меңдіқара және Ұзынкөл ауданында өткізу Роза Кемалованың жауапкершілігінде.
Ал, өзі өңір басшысы Архимед Бегежанұлы Қостанай мен Әуликөл ауданына баруды көздеп отыр. 13 ақпан күні облыс әкімінің қатысуымен тағы бір шара Рудный қаласында болмақ. Содан кейін Архимед Бегежанұлы облыс тұрғындарының алдында өзі есеп бермек.