Бекет жұмысы жалғасады
Қостанай облысында Төтенше жағдайлар кезінде құрылған блокпосттардың жұмысы жалғаса береді. Бұл туралы полиция департаментінде өткен онлайн-брифингте айтылды.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, өңірде карантин шаралары жеңілдей бастайды. Алайда шекарадағы 9 блокпост пен Жітіқара қаласындағы 2 блокпосттың жұмыс жалғасады. Рұқсат беру құжатынсыз елді мекендердің кіріп-шығуға тыйым салынады.
– Аймақтағы 11 блокпост бұрынғыша жұмыс істей береді. Карантин режимі басталғаннан бері облыста 26 блокпост орнатылған болатын. Тосқауыл бекеттерінде 138 полиция қызметкері, 64 медбике, 11 ветеринар және 6 жергілікті атқарушы билік өкілдері кезекшілік атқарады. Сондай-ақ азаматтардың құжаттары, денсаулық жағдайы, карантин шараларының сақталуы тексеріледі. Дегенмен, тиісті рұқсат қағаздары бар азаматтар емделуге немесе жерлеу рәсімдеріне қатысатындар өте алады. Тұрғындарды бас санитарлық дәрігердің қаулысын бұзбауға шақырамын. Ресми деректерге ғана жүгініңіздер. Үйден 22.00-ден 6.00-ге дейін ерекшеаса бір қажеттілік болмаса шығуға тыйым салынғанын есте сақтаған жөн, – деді Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде облыстың блок-бекеттері ашылғаны туралы хабар тараған болатын. Ресми ақпарат тек полицияның ресми парақшаларында, облыстың жедел штабының чатында, БАҚ-та жарияланады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, қазір мына блок-бекеттерде жұмыс қалыпты режимде өтуде:
– «Қайрақ» және «Обаған» шекара бекеті;
– Қостанай-Мамлютка жолының 245 шақырымы; (Ұзынкөл ауданы Троебратское кенті)
– Екатеринбург-Алматы автожолының 722 шақырымы; (Сарыкөл ауданының Севастополь ауылы)
– Қостанай-Сұрған жолының 232 шақырымы; (Ақмола облысымен шекарада)
– Жезқазған-Петропавл жолының 372 шақырымы;
– Торғай автожолы, Ақтөбе облысының шекарасынан 85 шақырым;
– Қостанай-Қарабұтақ жолының 239 шақырымы (Қамысты ауданы, Жайылма кенті);