Жолдың “жыры” біте ме?
Рудный қаласында биыл жолдарды жөндеуге қомақты қаражат бөлініп, бұрын-соңды асфальт көрмеген жерлерге асфальт төселмек.
Қазіргі таңда ауқымды жұмыстар қаланың бірнеше ауданында жүргілізіп жатыр. Соның ішінде жеке сектордағы Сарыарқа, Қазақ тілі көшелеріне «ВАН» ЖШС жауапты. Мердігер компанияның мамандары суық ресайклинг әдісі бойынша жолдарды орташа жөндеуге кіріскен. Барлығы қала бойынша 200 мың шаршы метр тас жол жаңартылмақ.
– Жолдарды жөндеу үшін қаражат республикалық, облыстық және қалалық қазынадан қарастырылдық. Бұл – 1 миллиардтан астам теңге. Барлық мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп, мердігерлер жұмысқа кірісті. Оның сапасы мен мерзімдердің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз, – дейді Рудный қаласы әкімінің коммуналдық салаға жауапты орынбасары Әнуар Ескатов.
Ресайклинг немесе ескі асфальтты қайта кәдеге жарату технологиясы Рудныйда өткен жылдан бастап қолданылып келеді және өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді.
– Бұл әдістің ерекшелігі – ескі жол қабатының 75 пайызы қайта өңделіп, пайдаланылатынында. Біз оны шешіп алып, суық ресайкілеп, жабыстырғыш материалдарды қосып, қайта төсейміз. Жабыстырғыш материалдардың құрамында цемент болады, соның арқасында топырақ тұрақтандырылады, –дейді серіктестік басшысы Артур Абрамян.
Суық ресайклинг технологиясы арқылы ескі төсемді қыздыру қажет емес. Бұл қуатты үнемдеу жағынан да, қоршаған ортаны қорғау жағынан да маңызды. Сондай-ақ, аталған әдіс асфальт-бетон қызметін орташа алғанда 3-5 жылға ұзартады.
Бүгінде жолдарды жөндеу бойынша тендерді жеңіп алған «ВАН» және «Аяз Холдинг» компаниялары қажетті техникамен және мамандармен толық қамтылған. Алдағы күндері ауқымды жұмыстар Парк, Қашар, Фрунзе көшелерінде жалғасып, одан әрі аулааралық жолдарды қамтитын болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ