Новоильинов ауылы жаңғыра түсті

НовоильиновкаЖақын арада Таран ауданында бірталай инвестициялық жобалар іске асатын түрі бар. Мұны біз облыс әкімі Нұралы Садуақасовпен бірге барған іс сапарымыздан анық аңғардық.
Новоильинов ауылдық округіндегі "Ақтас" ЖШС мал бордақылау орнын ашпақшы. Шаруашылық басшысы Серікбай Қадамбаевтың айтуынша, бұл жақын арадағы нешеме ауылдарға пайдасын тигізетін көрінеді.
– Бұл жоба біздерге көп тиімділігін көрсетеді. Кешегі ап-сап уақытта туындаған осы идея қазір көріп тұрғандарыңыздай, іске асып, мінеки, құрылысы да тәмамдалды. Жалпы, мал бордақылау пункті жылына 110 тоннаға жақын ет өндірмекші, – деді. Сол сәтте Нұралы Садуақасов:
– Мынау шалғайдағы Сіздер үшін әжептәуір көрсеткіш екен. Қаншама қаржы шығындап, ертең салып алып, артынан қиыншылық туындамайды ма?..
– Мұны ойласып қойғанбыз,– деді Серікбай Қадамбаев.
– Иә, қалай болар екен?.. Түсіндіріп беріңізші, – деді өңір басшысы.
–  Осы жақын маңайдағы ауылдармен сөйлесіп, келісімге кеп қойдық. Олар түу Қостанайға апар-ғанша осы жерден бордақылаған анағұрлым арзанырақ түсетініне көз жеткізіп отыр. Бір жағынан қараша халыққа ыңғайлы, уақыттарын да сарп етпейді, – деді "Ақтас" ЖШС-нің басшысы пысықтай түсіп.
Мал бордақылау пункті қазіргі заманғы талаптарға сай екен. Құрал-қондырғылары да шетелден әкелініпті. Ғимараттың жалпы аумағы 373,7 шаршы метрді құрайды. Бұл жобаға кәсіпкер өз қалтасынан 11,6 млн. теңге қаржы шығарса, қалған 65,4 млн. теңгені "Аграрлы несие корпорациясы" АҚ арқылы беріліп, 20-ға жуық ауыл тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі.
– Ауылы аралас, қойы қоралас Сіздер үшін мына игі іс жақсы жаңалық. Енді тезірек іске асырып, нәтижесі сәтті болғай! – деп Нұралы Садуақасов осы ауылдағы орта мектепке табан тіреді. Мұндағы басты шаруа келер жылы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу болатын.
Кіре берістен қарсы алған мектеп ұжымы өңір басшысына біраз қордаланып қалған мәселелерін айтты. Кезінде үлкен қолдаумен салынып, құрылысы тоқтап қалған спорт кешенін аяқтауына жәрдем беруін де өтінді.
– Бұл мәселені айтуларыңыз жөн. Бірақ біз ең алдымен мектептің жөндеуін бітіріп алайық, – деді Нұралы Садуақасов.
Одан кейін өңір басшысы ауылдағы шаңғы спорты үйірмесінің саңлақтарымен жүздесті. Новоильиновкінің спортшылары тек қана республикамызда ғана емес, әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, мемлекетіміздің даңқын аспандатуда. Бапкер Владимир Шалыгиннің шәкірттері Нұралы Садуақасовпен дидарласып, әрі қарай ауыл спортының дамуына, материалдық базасының нығаюына көмек сұрады.
Содан соң көкөніс өсірумен айналысып жүрген "Вернигоров" шаруа қожалығында болып, ондағы жағдаймен танысты. Шаруашылық басшысы Александр Вернигоровке біраз ақыл-кеңесін де айтып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруашылықты одан әрі дамыта беру керектігін жеткізді.
Бұдан әрі әкім мінген кортеж Қайыңдыкөл ауылына атбасын бұрды. Ауыл әкімі Қайрат Әубәкіров ауылдағы мән-жайдан есеп берді. 15-ке жуық иесіз қалған үйлерді бұзып, санитарлық нормаға сай тазаланғанын әңгімеледі. Ауылдағы жұмыссыздықтың қысқарғанын да баяндады.
Ауыл әкімінің есебінен соң Нұралы Садуақасов осы ауылдың көз ұшында орналасқан "Global Beef KZ" ЖШС-не барып, американдық-қазақстандық бірлескен шаруашылық өсіріп, баптаған асыл тұқымды ірі қара малдарын көрді. Шаруашылық басшысы Лунара Нұрсейітова малдарға қысқы жемшөп дайындап жатқан жәйтті әңгімелеп, болашақтағы жоспарларын айтты.
Әсілі, Таран ауданындағы көңіл қуантарлық игі істерді байқаған өңір басшысы аудан әкімі Бақберген Өтеулинге тағы да бірқатар жұмыстарды тапсырып, алдағы уақыттарда осындай нәтижелі дү-ниелер күтетіндігін жеткізді.
Нұрболат
        МЕШІТБАЕВ
Суретте: Өңір басшысы Новоильинов  ауылы мектебіндегі жас бүлдіршіндермен кездесті.
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓