“Шаңырақ” қамқорында – ұлт өнері
Бүгін Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шаңырақ» ұлттық өнер орталығы ашылды. Бұл – облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының бастамасы.
Жаңа орталық Қостанай облысында қазақтың ұлттық өнерін насихаттап жүрген өнерпаздардың басын біріктіруді, оларға рухани қолдау көрсетуді көздейді. Дәстүрлі әнші, жыршы-термеші, күйші және қолөнершілердің шығармашылығын шыңдап, ізденістерінің ілгерілеуіне жол ашу, жетістіктерін ел жүзіне дәріптеп отыру да «Шаңырақтың» міндетіне айналмақ.
«Шаңырақ» орталығы халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі ұлт өнері байқауларына өңіріміздің атынан өнерпаздарды баптап қосуға, жан-жақты демеу көрсетуге, түрлі шығармашылық жиындар өткізуге ниетті. Арнайы құрылған жоспарымыз бар. Сол бойынша жүйелі жұмыс атқарылады. Қалалық, аудандық мәдениет үйлерінде дәстүрлі өнер бағытында еңбек ететін әріптестерімізге есік ашық, олар осы орталыққа келіп, білікті мамандардың шеберлік сабақтарына да қатыса алады», – дейді жаңа орталықтың жетекшісі Айгерім Көшкенбаева.
Орталықтың ашылу рәсіміне облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Ибраһим Бекмұхамедов және зиялы қауым өкілдері, өңірге белгілі өнерпаздар қатысты. Орталықтың салтанатты түрде керме жібі қиылып, құрметті меймандар тілек-лебіздерін айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жария етілгелі, төрт жыл ішінде қаншама игі жұмыстар атқарылып, көптеген жоба жүзеге асты. Тобыл-Торғай өңірінде оны насихаттау жұмыстары жанданып, жаңа бір деңгейге көтеріліп жатыр. Оның жарқын мысалдары, нақты көріністері бар. Дәстүрлі түрде Сағын Жалмышев атындағы республикалық домбырашылар байқауын, Нұржан Наушабаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауын өткіздік. Сол байқауларды жалғастыра отырып, оған қобызшылар байқауын қосамыз ба деген ұлы жоспарымыз бар. Мұндай жобалар ұлттық өнердің өңірдегі сан саласын насихаттауға, өскелең ұрпақты баулуға көп септігін тигізері сөзсіз. Осы жұмыстарды үйлестіру үшін ұлттық өнер орталығын ашу ұсынысы жасалды, біз оны қос қолдап қолдадық. Бұл жобаның ғұмыры ұзақ болуы керек, оған бәріміз ат салысуымыз қажет. «Шаңырақтың» іші шаттыққа толып, ұлт өнері өрге жүзсін!» – деді Ерлан Қалмақов құттықтау сөзінде.
Өңір өнерпаздарының басын қосатын «Шаңырақтың» нақ Тобыл қаласындағы мәдениет үйіне орналасуының себебін облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының директоры Дәмер Қалқаев түсіндірді.
«Тобыл қаласы, біріншіден, облыс орталығының іргесінде. Екіншіден, бұл жерде ұлттық өнер жақсы дамып келеді, көптеген жетістігіне куәміз. Өз ансамбльдері, білікті өнерпаздары жетерлік. Сондықтан, осындай бір орта құру туралы ойға келгенде «Алтын дән» мәдениет үйіне таңдауымыз түсті. Осы идеямызды қолдаған облыстық Мәдениет басқармасына, аудан басшылығына және мәдениет үйі ұжымына алғыс білдіреміз», -деді Д.Қалқаев.
Болашақта орталықтың іргесін кеңейтіп, облыстың басқа өңірлерінде бөлімшелерін ашу, осылайша «Шаңырақты» биіктете түсу жоспарда бар.
Айта кетейік, іс-шара барысында "Тұлғалар тұғыры" атты бейнежобаның аңдатпасы көрсетілді. Бұл жоба өңір мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген танымал тұлғаларды таныстыруды көздейді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев