Бағаның салмағы батып-ақ тұр
Соңғы уақытта еліміздегі жаппай қымбатшылық қыл аяғы балабақшаларға да "қол салды", "қол салғанда мол салды". Биыл-ғы жылдың қыркүйек айынан бас-тап бөбектеріңіздің әр күнгі ау-қаты үшін бұрынғы бағадан 100 теңгеге дейін артық төлейтін боласыз. Үкіметіміздің қабылдаған кесімі солай болыпты.
Міне, осы мәселе бойынша алдымен облыстық білім басқармасына хабарласқам. Ол жақтағылар "оны қалалық білім бөлімі-нен біле аласыз" деп қысқа қайырды. Қостанай қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова бұл жөнінде нақты білмейтінін мойындады. Бір анығы, бағаның қымбаттауы қажетті өнімдерді тасымалдаушы кәсіпкерлер ұсынған бағаға байланысты екен. Олар бөбектерді сапалы тамақпен қамтамасыз етуі үшін осындай қадамға барады дейді. Табиғи монополияларды реттеу департаментіне қоңы-рау шалсақ, "бағаның өсуін бақы-лау құзырымызға жатпайды" де-ді. Ал бұған Қостанай облысы бойынша монополияға қарсы инспекцияның да қатысы жоқ екен. Мен осы мақаланы жазу үшін "Мақта қыз бен мысық" ертегісіндегі тарғылдың рөлін ойнап шықтым десем болады. Айтпақшы, осы сұрақтарды облыстық білім басқармасына да қойған едім, басқарма басшысының орынбасары Асқар Әлмағамбет есеп бөлімінде балабақшалардағы тағам бағасы жөнінде мәліметтің болмайтынын айтты. Сөзінше, есеп бөлімі аудандарға қанша қаражат бөлінеді, сол жағына жауапты. "Ал тамақ бағасын біз қоймаймыз да, оны қадағаламаймыз да, қатысымыз жоқ" деді.
Осылайша жауапты басқармадан да мардымды жауап ала алмадық. Біз жоғарыда "басқарма-бөлім-департамент қайдасың" деп, олай-бұлай уақытымызды сарп етіп, бекерге өткізумен жүргенде, бұл сұрағымызға Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасовтың өзі жауап бер-ді. Нақтырақ айтсақ, Әулиекөл ауданының тұрғыны Қасынхан Сартайұлы Егізбаев аймақ басшысының ғаламтордағы блогына хат жазып, балабақшаға төленетін биылғы баға былтырғыға қарағанда бірден 130 теңгеден 210 теңгеге дейін секіргенін жеткізіпті. "Біздің айлық жалақымыз бен зейнетақымыз соншама 90 пайызға өсіп кетіп пе еді? Неге мемлекетіміз білім беру мен тамақтандыруды мойнына қатар тегін алмаған? Бұндай беталды бағаларды кім белгілейді?" делінген хатта.
Араға апта салып, облыс әкімі өз жауабында бүй депті: "Тағамның калориясы мен нәрлілігіне қарай бағасын белгілеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына орай санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып бекітілген. Балалардың тағамы үшін төленетін бағаны азық-түлік ұсынатын кәсіпкерлер белгілейді. Ал тағам бағасының былтырғы жылмен салыстырғандағы көтерілуі инфляция деңгейі мен азық-түлік бағамының қымбаттауына байланысты. Аудан бойынша әр бала үшін белгіленген баға 150 мен 210 теңге аралығында".
Қыдырбек
ҚИЫСҚАНҰЛЫ.