Ел көрмеген ерекше көрпе
Қостанай қаласының тұрғыны, қолөнер шебері Райхан Рахалиева Наурыз мерекесінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына айрықша тарту жасады. Ол ұзындығы 21 метр болатын ерекше көрпені сыйға тартты. Бұл Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Көрпелер көрмесінің» бас экспонаты болды.
Бұл көрпенің де өзіндік сыры бар екен. 21 саны – үш жетіден тұратын нышандық белгі. Қазақ халқында 7 саны қасиетті – 7 ата, 7 қазына, 7 ғалам, 7 қат жер, 7 амал, 7 күн. Наурыз көже 7 дәмнен тұрады. Райхан апайдың қолынан шыққан, көздің жауын алатын көрпеге қошқар мүйіз оюы салынып, қызыл және жасыл түсті масаты матамен өз үйлесімін тапқан. Ерекше көрпені тігуге 36 метр мата, 240 метр тесіме, 45 метр ватин мен синтепон кетіпті. 35 жыл бойы қолөнерді серік еткен Райхан Рахалиева тіккен сәнді ұлттық киім үлгілері мен қоржын, шабадан, құс жастық, көрпеше сияқты тұрмыстық бұйымдарды аттай қалап алып кетіп жатады. Ісмердің қолынан шыққан өнер туындылары елімізде ғана емес, Ресей, АҚШ, Түркия, Италия мемлекеттеріндегі жеке коллекциялардың төрінен орын алған. Елден ерек туындысы жайлы шебердің өзі әңгімелеп берген еді.
– Биылғы жыл мен үшін қуанышқы толы болды. Ең алғашқы қуанышым 17 жыл күткен баспанама қол жеткіздім. Бұл мен үшін той. Ал тігіншілік қасиет анамнан дарыған. Бала кезден көріп, үйреніп өстім. Кейін мамандық таңдарда суретші болғым келсе де үйдегілер менің тігінші болғанымды қалады. Сөйтіп осы салада білім алып, 1986 жылдан бері қолымнан ине жібім түскен емес. Үйде отырып, небір дүниелер тігемін. Еліміз егемендік алып, жағдайымыз түзеле бастағанда ұлттық дүниелерімізге деген қызығушылығымыз да арта бастады. Ең алғаш қоржын тіккенім әлі есімде, көрші апайдың үйіне Германияда тұратын баласы келіп, шет елге қазақы дүние ала барғысы келді. Мен оған оюлы қоржын тігіп бердім. Сөйтіп менің жұмысым алғаш рет шетелге шықты. Кейін де сұраныс болды. Астанадағы ұлттық заттар сататын дүкенге қолымнан шыққан заттарымды жіберіп тұрдым. Бірнеше затым Америкаға да кетті. Қыз жасауын толығымен түгендеп, тапсырысына қарай тігіп шығамын. Бұл менің көнкөріс көзім. Табысым да осы адал еңбегіммен келеді.
– Апай, ұзындығы 21 метрлік көрпені тігу де оңай болмаған шығар. Жалпы мұндай идея қайдан келді?
– Жалпы карантин қай-қайсымызға да оңай болмады. Бірі жақындарынан айрылып жатты, бірі ауырды. Әйтеуір осы жылдан аман шыққанымызға тәубе деп бір ерекше зат жасағым келді. Құдайы зат сияқты. Қазақта жеті саны киелі ғой. Соның ретін қалай келтірсем деп ойландым. Жеті метрлік көрпе тіксем реті келіңкіремейді. Сөйтіп шешемнің көзін көрген бір апайымыз бар еді. Сол кісіден ақыл сұрадым. Апайым «үш жеті істе» деді. Сонда 21 деген сан шығады екен. 21 ғасыр, 21 жыл, әрі 21 наурыз, одан қалды жеті киелі сан. Наурыз мерекесі де тақап қалды, өзге де тапсырыстарымды үлгертуім керек дегендей. Бірден кірісіп, керек заттарды алып, үш күн ішін, үш күн тысын тігіп, жеті сағат көктеп көрпемді аяқтап шықты. Бас-аяғы бір көрпеге 70 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалған екен. 36 метр мата, 240 метр тесіме және жеңіл жұмсақ болсын деп 45 метр ватин мен синтепон салдым. Жасыл, қызыл түстерінен ою салып, көктем мерекесіне келтірдім. Алғашында Гиннестің рекордтар кітабынан орын алуды жоспарлаған болатынмын. Бірақ оның машақаты көп екен. Сосын қалалық мәдениет бөліміне, музей директоры Үміт апамызға бардым. Ол кісілер ретін келтіріп, ел жұртқа таныстырды. Алғысым ретінде әрі құдайым деп аузыма алған соң ерекше көрпемді музей қорына табыс еттім.
– Еңбегіңіз жана берсін, ниетіңіз қабыл болсын. Көктем мерекесі бақ береке әкелсін.