Сырлас серігімізге айналдырайық! Арқалықтықтардың оқырманға үндеуі
"Газет халықтың көзі, құлағы, Һәм тілі деген болатын алаш көсемі, біздің даңқты жерлесіміз Ахмет Байтұрсынов. Халықтың жан – жүрегіне, мақсат – мүддесіне қызмет ететін үнпарақтың қашанда маңыздылығы зор. Осы орайда облыстық "Қостанай таңы" газеті уақыт үддесінен шығатын іргелі басылым деп айта аламыз. Тоқсан жылдан астам тарихы бар төл газетіміз толайым табыспен топ жарып, ел ішінде зор беделге ие болып келеді.
Газет аптасына үш рет оқырмандарымен қауышуымен қатар, күн сайынғы жаңалықты заманауи үрдіс ғаламтор арқылы жедел таратып, мол ізденіспен еңбек етуде. Ата-бабаларымыздың "Атқан оқтай", "ұшқан құстай", "шапқан аттай" деген тегеурінді теңеулері бүгінгі ақпарат саласында жүрген журналистердің ширақ іс- қимылдарына тән. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоғамдағы түрлі хал-ахуалдар, сан қилы шаруашылық, өнеркәсіп көздері, денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларының соны ақпараттары дер кезінде баспа беттерінен көрініп, оқырманына жүйелі тарап отырады.
Тарихты танып білуде де "Қостанай таңы" газеті редакциясының сіңіріп отырған еңбегі ерекше. Даңқты тұлғаларымыздың өмір жолдары, жасаған еңбектері, ел аузында қалған қанатты сөздері халықтың салт-санасынан өшпей, тәлім тәрбиесін беріп өміршеңдігін дәлелдей түсуде. Ұлттық болмысымызды ұлықтап, әлемдік кеңістікте жасампаз халық ретінде қалыптасуымызға, ортақ мақсаттардың жүзеге асу жолындағы жаңалықтардың жаршысы. Тіліміз бен дініміздің өркендеуіне, мәңгілік ел идеясының жүзеге асу жолында үнімізді бір арнаға тоғыстыратын баға жетпес құрал.
Биылғы жылдың бір ерекшелігі көптен үзіліп қалған үрдіс қайта жаңғырып, "Қостанай таңының" аймақтарда күндері өтуде. Редакция алқасы Арқалық қаласында да болып халықпен жүздесті. Оқырманының талап тілектерін тыңдап, еркін пікір алысты. Бұл іс оқырман мен ұжым арасын одан сайын жақын-дастыра түскендей. Кездесу негізінде әр аудан, қала деңгейінде "Жанашырлар" клубтары құрылып, "Жас тілшілер" үйірмесінің жасақталуы жастарды шығармашылыққа тәрбиелеуде, жас таланттардың талабын ұштауға үлкен қамқорлық танытып отыр. Бұл өмірде көп кездесе бермейтін құбылыс.
Айтайын дегеніміз жыл сайын баспасөзге жазылу науқаны басталғанда төл газетіміздің белгіленген межеден көріне алмай жататыны өкінішті. Күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде кетіп, газетке жазылуды ұмыт қалдыратынымыз жасырын сыр емес. Осы орайда біз газет ұжымы көтеріп отырған "Әр ұжымда облыстық "Қостанай таңы" газетінің бір данасы болсын" деген ұрандарын қолдайтындығымызды білдіреміз.
"Қостанай таңы" барлық жастағы оқырманның талап деңгейінен шығатын газет. Газетті жаздырып алмау көз, құлағымызды, тілімізді тұмшалап жүргенмен бірдей. Облыстық деңгейдегі мемлекеттік тілде шығатын жалғыз басылымның жыл сайын баспасөзге жазылу кезінде жанашыр іздеп жаутаңдап жүруі ақылға сыймайтын дүние. Бұл біздің елдігімізге нұсқан келтіретін жағдай.
Жалпы, кейінгі кезде ұжымдарда газет тігінділерін жүргізу ұмыт қалған сыңайлы. Жаңа газеттерге мұқият қарап, нөмірлеп, қаттап отыру ұқыптылықты көрсетеді. Газет тігіндісі болмаған мекеме елдік мүддеге бас ауыртады деу қиын. Мұндай мекемелерде берекесіздік пен салғырттық көрініс береді. Сондықтан ұжымның белсенділігін бағалағанда осы жәйттарды алдыңғы кезекке қойып отырсақ ұтарымыз мол. Мекеме, ұжым басшылары бұл іске немқұрайлы қарамаса екен дейміз. Газетке жазылуға шын ниетімен келіп, қолдау білдірсе құба құп. Жарты жылдыққа жазылғандар кейінгі жарты жылдықты ұмыт қалдырып жатады. Сондықтан лажы болса жақсылықтарын жырымдамай бір жылға бір-ақ жазылса нұр үстіне нұр болар еді.
Газет – өмірдің айнасы. Қай заманда да қалыпты өмір сүрген жанның өмір айнасын өлшемдемеуі мүмкін емес жағдай. Күн сайын қолданысқа еніп жатқан жаңа заңдар, мемлекет басшысының, облыс әкімінің нұсқаулары, қаулы-қарарлары үнпарақ бетінде. Үнпарақсыз өмір сүру адамның тіршіліктен бөлініп қалғаны іспетті. Олай болса біртұтас тіршіліктен бөлініп жарылмайық, ағайын.
Ел дамуымен бірге Арқалық қаласы да өсіп өркендеп келеді. Жаңа тартылған теміржол қаланы тұйықтықтан шығаруда. Ғимараттар жаңартылып, тұрғын үйлер бой көтеріп, тұрғындарының саны артып келеді. Қырық мыңнан астам тұрғыны бар қала "Қостанай таңын" 1278 дана жаздырып алады. Дегенмен, бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Біз он алты ауылы, бес колледжі, бір ЖОО, отызға жуық мектебі, 32216 мемлекеттік тілді қандастарымыз бар қаламыздың әлеуетіне арқа сүйей отырып, газеттің алдағы 2015 жылғы жазылу тиражын 1400 – ге жеткіземіз деген Үндеу қабылдаймыз. Қала халқын осы көрсеткішті жылма жыл еселей түсуге шақырамыз.
"Қостанай таңы" өміріңіздің мәнін екшейтін сырлас серігіңізге айналып, әр шаңырақтың төрінен табылсын, ағайын!
Айбек Қалиев, филология ғылымының кандидаты,
Шөптібай Байділдин, ҚР мәдениет қайраткері,
Жәнібек Ғапбасұлы, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Жұмағали Өмірбек, ҚР мәдениет қайраткері,
Кәки Ақан, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Еркін Қожахметов, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Сағи Әбілхасенов, ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Рақымжан Бектұрғанов, Родина ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.