Ағасының зиратын тапты

Ұлы Отан соғысында Қостанай облысы бойынша 16 мыңға жуық жауынгер хабарсыз кетті. Олардың сүйектері қайда қалғаны белгісіз. Қасіретті жылдары қыршыннан қиылған жас жауынгерлердің қатарында Рашит Жомартов та бар. Осы күнге дейін қатардағы жауынгер Жомартовтың денесі қайда жерленгені беймәлім болатын. Оның інісі Төлеген Әлімбаев арада жетпіс жыл өткенде ағасының жерленген жерін іздеп тапты.
Рашит Жомартов 1925 жылы Ұзынкөл ауданы, Отынағаш колхозында туған. Жеті кластық білімі бар. Соғысқа дейін Меңдіқара ауданындағы Обаған ауылында мұғалім болған. Қызыл Армия қатарына 1943 жылы қыс мезгілінде Меңдіқара ауданындағы әскери комиссариаттан шақырылған. Сол кезде небәрі 18 жаста болатын. Қатардағы жауынгер 129-шы жеке миномет дивизиясында соғысқан.Жумартов Р
– Ағамыз соғысқа аттанардан екі-үш ай бұрын үйленіп, шаңырақ көтерген. Майдан даласында жүріп отбасына үзбей хат жазып тұрған. Соңғы хатын 1944 жылдың 11 тамызында жазған екен. Хат біздің үйге сол жылы 26 тамызда келген,– дейді Төлеген Әлімбаев.
Сауатты, білімді азамат жұбайы Сабираға жазған хаттарында елінің, жерінің, туған-           туыстарының амандығын сұрап отырған. Жазуы тайға таңба басқандай түсінікті болған. Бір қызығы, кейбір кездері амандығын ашық хаттардың (пошта открыткасы) сыртына жазады екен. Бәлкім, өзінің қайда жүргенін, қайсы майданда шайқасып жатқанын ашық хаттағы суреттер арқылы білдіргісі келген шығар. Мысалы, майданнан келген хаттардың бірінде Мәскеудегі             В.И.Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың суреті бейнеленіпті. Яғни, қатардағы жауынгер Жомартов хатты Мәскеуде жазған деген сөз.
– Жұбайы Сабираға жіберген ашық хаттарының бірінде молдован немесе украин үлгісінде киін-ген адамның суреті бейнеленіпті. Ашық хаттың артына "Сабира, мынау суретті жоғалтпа. Қандай жақсы жер" деп жазған. Суреттің сырын кейін білдім. Ашық хаттағы суретті интернет арқылы іздедім. Ол Третьяков галереясында сақтаулы тұрған картина екен. Сурет арқылы өзінің молдован жерінде жүргенін білдіргісі келген. Ағамыз Ясско-Кишинёв операциясына қатысқан,– деді майдангердің інісі. IMG_4143
Төлеген Әлімбаев ағасы Рашит туралы әке-шешесінен және ағасының замандасы, соғыс ардагері Ибраев Қабденнен естіген. Бала күнгі естеліктері бойынша ағасының жерленген жерін іздеп табуды жөн көрді. Сол мақсатта Мәскеудегі орталық мұрағатқа хабарласқан. Балаларының көмегімен интернеттен де ақпараттар іздеді. Интернеттен тапқан деректер бойынша, Рашит Жомартұлы Молдова Республикасы Кишинёв қаласынан 95 шақырым жердегі Минжир ауылында бауырластар зиратында жерленгенін анықтады. Алғашында, аталған жерге барып, ағасының зиратын өз көзімен көруді қаласа да сәті түспейді. Жұбайы науқастанып, өзге де ірілі-ұсақты жұмыстарға алданумен уақыт зулай береді. Бір жағынан шалғайдағы Молдован Республикасына баруға жүрексінеді. Аяғы тимеген жат елдің тілі де бөлек. Сөйтіп жүргенде бір кездері бірге жұмыс істеген механизатор Никита Мунтянумен жолығады. Сәйкестікті көрмейсіз бе, екеуі аурухананың бір палатасында кездеседі. Никита Мунтянудың ұлты молдован. Қазақстан-ға ата-қонысы Минжир ауылынан көшіп келген. Туған жеріне жыл сайын барып тұрады екен. Ал Минжирде Төлеген Әлімбаевтың ағасы жерленген. Тілегені алдынан іздемей-ақ табылған Төлеген ағамыз ежелгі танысымен келісіп, биылғы жылдың 12 қаңтарында Молдова Республикасына барып келді. Аталған ауылдың басшыларымен кеңесіп, зират басында митинг өткізді. Ескерткіш таста қазақстандық азамат, қатардағы жауынгер Рашит Жомартов және Омбы облысынан лейтенант Дмитрий Новицкийдің аты-жөндері жазылыпты. Себебі, қос жауынгер молдован жерінде бірге соғыс-қан екен. Төлеген Әлімбаев ағасы жерленген жерде құран бағыштап, құрбандық шалды. Елдегі әке-шешесінің зиратынан алып барған туған жердің топырағын ағасының басына салып келді.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓